Мөлдір Мұқан телехикаяға түсетінін мәлімдеді
Мөлдір Мұқан отандық телеарнаның жаңа телехикаясына түсетінін хабарлады. Жоба дәрігерлердің күнделікті жұмысын көрсетеді.
Әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында шығармашылық өміріндегі жаңа қадам туралы оқырмандарымен бөлісті. Ол отандық телеарнаның жаңа жобасына қатысуға шақырту алғанын жеткізді.
Өнер иесі бұл ұсынысты қуана қабылдағанын айтып, жобаны өзінің шығармашылық жолындағы жаңа кезең деп бағалады. «Осы жаздың ерекше жаңалығы – сериалға түсу туралы ұсыныс. Әрине, қабыл алдым! Қай телеарнаға, қандай жанрдағы сериал екенін айтамын. Ең бастысы, көрерменге ұнайтын сериал болатынына сенемін», – деді ол.
Жаңа телехикаяда дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің күнделікті тұрмысы көрсетілмек. Мөлдір Мұқан бұл тақырыптың маңыздылығына тоқталып, «Ақ халатты абзал жандардың жұмысы үнемі көзге көріне бермейді. Бірақ түрлі сынаққа тап болып, дертпен бетпе-бет келгенде олардың қадірін түсінеміз. Осы тақырыпты кино арқылы халыққа жеткізіп жатқан ұлттық арнаға және түсірілім тобына алғысымды білдіремін», – деп пікір білдірді.


