Миландағы тәртіпсіздіктен кейін Италия 500 әскери қызметкер жібереді
Италия үкіметі Миланда болған наразылықтар тәртіпсіздікке ұласқан соң қалаға қосымша 500 әскери қызметкер жіберуді жоспарлап отыр. Бұл туралы вице-премьер, Сыртқы істер министрі Антонио Таяни мәлімдеді.
Оның сөзінше, әскери қызметкерлерге сот полициясының өкілеттіктері беріледі. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына жол бермеуге бағытталған шаралар қабылданбақ. БАҚ мәліметінше, әскерилерді қалаға үш айға орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Таяни бейбіт шерулердің заңды екенін атап өтіп, алайда Милан орталығындағы тонау мен қирату әрекеттеріне қатысқандарды қылмыскерлер деп атады.
Бұған дейін екі күнге созылған наразылықтар кезінде кемінде 50 адам ұсталған, олардың 11-і – кәмелетке толмағандар.
17-18 қазанда мыңдаған адам Милан көшелеріне шығып, өмір сүру құнының өсуіне және Джорджа Мелони үкіметінің саясатына қарсы наразылық білдірген. Кейбір қатысушылар дүкендер мен супермаркеттердің терезелерін сындырып, тонаған, қоқыс жәшіктерін өртеген. Салдарынан қалаға материалдық шығын келген.




