Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
22 қазан 2026, бейсенбі USD 450,7 EUR 505,0 RUB 5,45 CNY 67,5 Астана +4° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Meta Нью-Мексико сотының шешімімен 25 млрд доллар айыппұл төлейді

Meta компаниясына Нью-Мексико штатының соты пайдаланушылардың жеке деректері туралы қоғамды жаңылыстырғаны үшін 25 млрд доллар айыппұл салды.

Meta Нью-Мексико сотының шешімімен 25 млрд доллар айыппұл төлейді
Сурет: baq.kz

АҚШ-тың Нью-Мексико штатындағы сот Meta компаниясына — Facebook, Instagram және WhatsApp әлеуметтік желілерінің иесіне — 25 млрд доллар көлемінде айыппұл салды. Бұл шешім компанияның пайдаланушылардың жеке деректерін өңдеу тәсілдері туралы қоғамды жаңылыстырғаны үшін қабылданды.

Судья Фрэнсис Мэттью екі аптаға созылған сот процесінің қорытындысы бойынша осындай үкім шығарды. Іс барысында Meta-ның Facebook қолданушыларының деректерін пайдалану тәртібі туралы мәлімдемелері қарастырылды. Сот материалдарында компания басшыларының, соның ішінде Марк Цукербергтің ішкі хат-хабарлары да болды. Судьяның пікірінше, бұл хабарламалар қоғамды жаңылыстыруға бағытталған.

Іс Cambridge Analytica жанжалымен де ұштасады: аталған консалтингтік компания Facebook қолданушыларының деректерін саяси мақсаттарда, оның ішінде 2016 жылғы АҚШ президенттік сайлауына қатысты жұмыстарда пайдаланған.

Нью-Мексико штатының заңгерлері Meta басшыларының пайдаланушылардың деректері ешқашан сатылмайтыны немесе үшінші тараптарға берілмейтіні туралы мәлімдемелеріне күмән келтірген. Судья компанияның бұл әрекеттері 2010 жылдан 2021 жылға дейін жалғасқанын атап өтті.

Заң бұзушылықтар үшін есептелген айыппұлдың бастапқы сомасы 219 млрд доллар болғанымен, судья оны 25 млрд долларға дейін қысқартты. Meta өкілдері сот шешіміне қатысты түсініктеме бермеген. Компания бұған дейін де балалардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік желілердің ықпалына байланысты бірқатар сот процестеріне тап болған.