Месси мен Роналду алғаш рет бір командада ойнауы мүмкін
Карлос Тевестің қоштасу матчына Месси мен Роналду шақыртылды. Олар алғаш рет бір командада ойнауы мүмкін.
Аргентиналық атақты футболшы Карлос Тевестің қоштасу матчына әлем жұлдыздары шақырту алды. Бұл кездесуде Криштиану Роналду мен Лионель Месси алғаш рет бір команда сапында алаңға шығуы ықтимал.
Тевес мансабын аяқтауына орай ұйымдастырылатын матчты биылғы жылдың соңында Буэнос-Айрестегі «Ла Бомбонера» стадионында өткізуді жоспарлап отыр. Ол бұрын бірге ойнаған әріптестері мен достарын жинап, шамамен 60 жұлдызды ойыншыны шақырмақшы.
Тевестің жоспары бойынша, Месси мен Роналду бір командада өнер көрсетуі мүмкін. Айта кетейік, Тевес Роналдумен «Манчестер Юнайтед» сапында бірге ойнаған, ал Мессимен Аргентина құрамасында доп тепкен. Месси мен Роналду осы уақытқа дейін бір-біріне қарсы 37 рет кездескенімен, бір командада ешқашан ойнаған емес.
Карлос Тевес футболшы ретіндегі мансабын 2021 жылы «Бока Хуниорс» клубында аяқтаған еді. Енді бес жылдан кейін ол өзінің қоштасу матчын өткізбек.




