Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
22 қазан 2026, бейсенбі USD 448,6 EUR 503,8 RUB 5,48 CNY 67,2 Астана +2° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

«Әділет» жастар қанаты Республика күніне орай 5 мың Ту ілді

«Әділет» партиясының Жастар қанаты ұйымдастырған «Менің Елім – Менің Туым» акциясы аясында Қазақстан бойынша 5 мыңға жуық мемлекеттік Ту ілінеді.

«Әділет» жастар қанаты Республика күніне орай 5 мың Ту ілді
Сурет: aikyn.kz

«Менің Елім – Менің Туым» патриоттық акциясы аясында еліміздің қалалары мен ауылдарында 5 мыңға жуық мемлекеттік Ту ілінеді. Бұл бастаманы «Әділет» партиясының Жастар қанаты ұйымдастырды.

25 қазанға дейін жалғасатын акция барлық өңірді қамтып, мыңнан астам белсенді жасты, спортшыны, кәсіпкер мен тұрғынды біріктіреді. Мемлекеттік Ту тұрғын үйлер мен ұйымдардың ғимараттарына ілінеді. Мақсат – рәміздерді күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру және қазақстандықтарды ортақ ұлттық құндылықтар төңірегіне топтастыру.

Акция Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында басталды: 500-ге жуық адам Ту желбіретіп, Әнұран орындады және KZ жазуы пішінінде сапқа тұрды. Астанада Ту Республика даңғылының бойындағы тұрғын үйлерге ілінсе, Қарағандыда студенттер қауымы қосылды – партия Жастар қанатының белсенділері Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің жатақханасына мемлекеттік Туды ілді.

Іс-шараға қатысқан Құралай Баймолдина акцияның жастар үшін маңызы мен дәстүрді сақтаудың мәніне тоқталып, өз пікірімен бөлісті.

«Мұндай бастамалар құрдастарымның бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастырып, туған жерге деген құрметімізді арттырады. Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл акция баршамызды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретініне сенімдімін», – деді ол.

Шымкент қаласының жастары да Республика күні қарсаңындағы іс-шараға қосылып, Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты викторина өткізді.

«Бүгінгі викторина – біз үшін өте қызықты әрі пайдалы. Ойын барысында еліміздің тарихы, мәдениеті мен ұлттық құндылықтары туралы білімізді тексеріп, көптеген жаңа мәлімет алдық. Мұндай іс-шаралар дүниетанымды кеңейтіп, білімге деген қызығушылықты арттырады, сондай-ақ топтасып жұмыс істеуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді», – деді викторинаға қатысушы Диас Базаралыұлы.

Мерекелік бағдарлама патриоттық акциялардан бастап, жастарға арналған танымдық ойындарға дейінгі түрлі форматтағы іс-шараларды қамтыды. Олардың ортақ мақсатын «Әділет» партиясы Жастар қанатының өкілдері атап өтті.

«Мемлекеттік Ту – тәуелсіздігіміз бен бірлігіміздің, сондай-ақ еліміздің болашағы үшін ортақ жауапкершілігіміздің символы. Мұндай бастамалар патриотизмді нығайтуға және өз еңбегімен, белсенді азаматтық ұстанымымен Қазақстанның дамуына үлес қосатын жасампаз ұлт қалыптастыруға ықпал етеді», – деді жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов.

«Менің Елім – Менің Туым» акциясы 25 қазанға дейін жалғасып, Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралардың бір бөлігіне айналады. Салт-дәстүрді сақтау, тарихқа құрметпен қарау және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету – «Әділет» партиясы атқарып жатқан жұмыстың маңызды бағыты болып қала береді.

Республика күні 25 қазанда атап өтіледі. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, ол Қазақстанның Тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды кезеңге айналды. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мерекеге ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.