Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
10 тамыз 2026, дүйсенбі USD 469,9 EUR 541,6 RUB 5,71 CNY 69,7 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Мемлекет басшысы Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйледі.

Президент сөзінде еліміз цифрлық даму тұрғысынан стратегиялық таңдау жасағанына тоқталды.

«Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасынан 24-орын алады. Жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша еліміз Орталық Азияда көш бастап тұр. Біз бірыңғай инновациялық экожүйе құрып жатырмыз. Былтырғы Жолдауымда алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктедім. 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау да – осы стратегиялық бағдарды жүзеге асыруға бағытталған қадам.»

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз сапалы білімге, дарынды балаларды жан-жақты қолдауға баса назар аударатынын айтты.

«Былтыр Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша олимпиададан Қазақстан оқушылары үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Ел мерейін асыратын бұл жетістік жастарымыздың зияткерлік және шығармашылық әлеуетінің зор екенін көрсетеді.»

Президент бұл олимпиада жасанды интеллектіні зерттеуші жастардың халықаралық қауымдастығының дамуына үлкен серпін беретініне сенім білдірді.

«Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады.»

Салтанатты рәсімде Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директоры Ли Кай Фу, Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада кеңесінің төрағасы Елена Маринова, Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин, Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе және Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов сөз сөйледі.

Іс-шара барысында Мемлекет басшысы халықаралық олимпиаданың құрылымымен, байқау тапсырмаларымен және автономды роботтың мүмкіндіктерімен танысты.

Астана қаласында 2-8 тамыз аралығында өтетін Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадаға 106 елден келген 500-ден астам дарынды оқушы қатысуда. Олар ЖИ үлгілерін әзірлеу және автоматты роботтарды бағдарламалау сайыстарында бақ сынайды.

Дереккөз: Akorda.kz