Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Мектеп қарсаңындағы шығын: бір оқушыны дайындау қанша тұрады?

Биылғы оқу жылы қарсаңында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұратынын есептедік. Базар мен дүкендердегі бағаларды салыстырып, үнемдеу жолдарын ұсынамыз.

Мектеп қарсаңындағы шығын: бір оқушыны дайындау қанша тұрады?
Сурет: aikyn.kz

Тамыз айының басынан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде ата-аналар балаларын мектепке дайындауға кірісті. Биыл 380 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Тараздың өзінде 80 мемлекеттік мектепке 8 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы қабылданады деп күтілуде.

«Ауыл-Береке» базарындағы қарбалас көзге бірден түседі. Сатушы Забираның айтуынша, сауда әсіресе кешкі уақытта қызады. «Таңғы сағат 9:30-дан кешкі 20:30-ға дейін жұмыс істейміз. Бір сатушының өзі үлгермейді, сондықтан әр бутикте екі адамнан отырмыз. Сенбі-жексенбіде жақын ауыл-аймақтың бәрі базарға ағылады», – дейді ол.

Сауда нүктелерінде бағаның өскені анық байқалады. Сатушы Ханзаданың сөзінше, былтыр 3 500 теңге тұрған сөмке биыл 5 000 теңгеден сатылуда. Дәптердің данасы 25 теңге, ермексаз 600 теңгеден 1 000 теңгеге дейін барады. Тізіммен келген аналарға арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Көпбалалы ана Балнұр Жаңабай екі баласын мектепке дайындауға 250 мың теңгеден астам қаржы жұмсағанын айтады. «Былтырғы заттарды сұрыптап, кейбірін қайта пайдалануға болатынын анықтадық. Дегенмен бір балаға қажеттінің бәрін алу 120 мың теңгеден асты», – дейді ол.

«MART» сауда орталығында жүргізілген есеп бойынша, ең қажетті дүниелерді үнемдеп алған жағдайда 70-90 мың теңге жұмсалады. Ал сапалы киім мен аяқ киім таңдаса, шығын 120-170 мың теңгеге дейін өседі. Брендтік тауарларға артықшылық берген отбасылар 220-300 мың теңгеден де асып жібереді. Бұл есепке қысқы киім, смартфон, үйірмелер мен қосымша оқулықтар кірмейді.

Мектеп формасы – ең қымбат шығынның бірі. Ұл балаға арналған костюм-шалбар 17-20 мың теңгеден басталады. Қыз балаға арналған төрт бөлікті форма 25-30 мың теңге тұрады. Жеке-жеке алғанда толық жиынтық 40-50 мың теңгеге жетуі мүмкін. Арзан нұсқаларды іздесе, ақ жейдені 5-6 мың, пиджакты 8 мың, белдемшені 6,5 мың теңгеге табуға болады.

Үш ұлын мектепке дайындаған Жадыра Табынбаева биыл 500 мың теңгедей жұмсағанын жасырмайды. «Бренд қумадық, тек қажеттісін алдық. Былтырғы бағамен салыстырғанда бәрі қымбаттаған. Бір қарағанда арзан көрінгенімен, үш балаға көбейгенде әр теңге есепте тұр», – дейді ол.

2026 жылғы маусымдағы дерек бойынша, кеңсе тауарлары санатындағы тұтыну бағаларының индексі 105,3 пайызды құраған. Сарапшылар ата-аналарға бірнеше сауда нүктесіндегі бағаны салыстыруды ұсынады. Дүкендерде бір оқушыға арналған жиынтық қыз балалар үшін 78,3-206,9 мың, ұл балалар үшін 75,2-204,8 мың теңге аралығында. Маркетплейстерде бұл көрсеткіш 96,8-250,5 мың теңгеге дейін жетеді.

Үнемдеудің тиімді жолы – былтырғы жарамды заттарды қайта пайдалану, жеңілдіктерді қадағалау және брендке емес, сапаға мән беру. Кеңсе тауарларын дайын жиынтықпен емес, қажетіне қарай жеке-жеке алған дұрыс. Аяқ киімді таңдағанда тым арзан бағаны қуаламай, баланың күнделікті киюіне ыңғайлысын таңдаған жөн.

Биылғы «Мектепке жол» акциясы «Бала қуантқан бақытты» атауымен өтіп жатыр. 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығын қамтитын жоба көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуді көздейді.