Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +17° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Мектеп формасына қойылатын талаптар қандай?

Мектеп формасына қойылатын талаптар қандай?
Сурет: aikyn.kz

Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын талаптарды нақтылап, оны қолдануда бірізділікті қамтамасыз етуді көздеп отыр. Бұл ата-аналардың оң көзқарасын қалыптастыруға және білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Мектеп формасы ұлдар мен қыздарға арналған күнделікті, мерекелік және спорттық түрлерге бөлінеді. Таңдау кезінде оқушылардың жас ерекшеліктері, климаттық жағдайлар, сабақ өтетін орын, оқу ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі.

Форманың пішімін білім беру ұйымы қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептегі өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен айқындайды. Ол жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Формаға енгізілетін өзгерістер де осы кеңестермен келісу арқылы қабылданады.

Ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып алып, өндірушіні еркін таңдай алады. Білім беру ұйымдары тарапынан жекелеген өндірушілерге артықшылық беруге жол берілмейді.

Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында мектеп формасын, аяқ киім мен мектепке қажетті құралдарды сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 2026-2027 оқу жылы қарсаңында мұндай қолдаумен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін фурнитура мен аксессуарлар болмауы тиіс. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген қағидаларға сәйкес оқу ғимараты ішінде бас киіммен жүруге жол берілмейді.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген қағидаларды және міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.