Мария Бровкова әлем чемпионатында бесінші орынға тұрақтады
Қазақстандық спортшы Мария Бровкова Польшадағы әлем чемпионатында бірлік-каноэде 500 метр қашықтықта бесінші орынға тұрақтады.
Польшаның Познань қаласында өтіп жатқан байдарка мен каноэде есуден әлем чемпионатында Қазақстан спортшысы Мария Бровкова үздік бестікке енді. Ол бірлік-каноэде 500 метрлік қашықтықта сынға түсіп, финалда бесінші орынды иеленді.
Мария Бровкова қашықтықты 02:06.33 уақытта жүзіп өтті. Алтын медаль канадалық София Дженсенге бұйырды, ол 02:00.78 нәтиже көрсетті. Венгриялық Агнес Анна Кис 02:02.80 уақытпен екінші орынға жетсе, үздік үштікті Беларусь өкілі Алёна Ноздрева 02:04.80 нәтижемен түйіндеді.
Бүгін, 29 тамызда Мария Бровкова Ульяна Киселевамен бірге екілік-каноэде 200 метрге жарыстың финалында өнер көрсетеді. Бұған дейін Сергей Емельянов бірлік-каноэде 200 метрлік қашықтықта жетінші орын алған болатын.




