Маңғыстаудағы жаңа теңіз терминалы желтоқсанда іске қосылады
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «ЕРСАЙ» портындағы құрылыспен танысты. Нысан 85%-ға дайын, желтоқсанда іске қосылады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «ЕРСАЙ» индустриалды теңіз портының аумағындағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысанның дайындығы 85%-ға жеткен, оны биыл желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жобаны Lancaster Group мен Atasu Group бірлесіп жүзеге асыруда. Аумағы 50 мың шаршы метр болатын терминал жылына 120 мың жиырма футтық контейнерді (ЖФЭ) өңдеуге қауқарлы. Ол теңіз, теміржол және автомобиль көлігімен келетін контейнерлік және өзге де жүктерді қабылдайды.
Жаңа нысан Қытай, Қазақстан, Каспий маңы елдері, Кавказ және Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік маршрутының әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді. Толық іске қосылғанда мұнда 60 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар порт аумағында кемелердің қауіпсіз кіруін қамтамасыз ету, өткізу қабілетін арттыру және өңделетін жүк түрлерін көбейту мақсатында тереңдету жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.




