Маңғыстаудағы «Құлжан» кен орнындағы өрт: мән-жайы анықталды
Маңғыстаудағы «Құлжан» кен орнындағы өрттің мән-жайы анықталды: резервуарды тазалау кезінде шыққан өрт сөндірілді, зардап шеккендер жоқ.
Маңғыстау облысындағы «Құлжан» мұнай кен орнында болған өрттің мән-жайы белгілі болды. Оқиға 7 тамыз күні сағат 18:10-да Meerbusch ЖШС-не қарасты кен орнындағы мұнай қабылдау пунктінде тіркелген.
Алдын ала ақпарат бойынша, көлемі 2000 текше метр болатын №2 резервуардың түптік шөгінділерін ішкі тазалау жұмыстары кезінде цементтеу агрегатынан өрт шыққан. Сол уақытта резервуар бос болған және ішінде мұнай болмаған.
Өрт сағат 19:20-да оқшауланып, 20:00-де толық сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алдын ала мәлімет бойынша, елеулі материалдық залал анықталмаған.
Экология департаменті технологиялық жабдықтар мен нысан аумағынан тыс жерлерге мұнай төгілмегенін мәлімдеді.
Өрттің нақты себебі, ықтимал материалдық залал көлемі және оқиғаға құқықтық баға тиісті тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады. Оқиға туралы Төтенше жағдайлар департаменті мен мемлекеттік еңбек инспекциясына хабар берілген.



