Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +17° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Маңғыстауда 117 млн теңге субсидияны жымқырған кәсіпкер 5 жылға сотталды

Маңғыстау облысында туристік салаға бөлінген 117,2 млн теңге субсидияны жымқырған кәсіпкер 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Маңғыстауда 117 млн теңге субсидияны жымқырған кәсіпкер 5 жылға сотталды
Сурет: baq.kz

Маңғыстау облысында туристік саланы қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырған жеке кәсіпкер өкіліне қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Ол аса ірі мөлшерде алаяқтық жасап, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Прокуратураның хабарлауынша, кәсіпкер «А» өкілі жалған жобалық-сметалық құжаттаманы пайдаланып, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемін негізсіз ұлғайтқан. Осылайша, Маңғыстаудағы демалыс базасының құрылысына жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу мақсатында 117,2 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидияны заңсыз алған.

Тергеу барысында нысанның мемлекеттік қолдау шаралары қолданысқа енгізілгенге дейін салынғаны және көрсетілген құрылыс жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде орындалмағаны анықталды. Бұдан бөлек, жымқырылған бюджет қаражаты қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру мақсатында банк депозитіне орналастырылып, нәтижесінде 5,6 млн теңге көлемінде қосымша кіріс алынған.

Ақтау қалалық сотының үкімімен жеке кәсіпкер «А» өкілі аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Прокуратура мемлекеттік қолдау бағдарламалары шеңберінде бөлінген бюджет қаражатын заңсыз алғаны үшін заңда белгіленген жауаптылық қарастырылғанын ескертеді.