Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

LA28 Олимпиадасына БАҚ аккредитациясы басталды

Қазақстан ҰОК LA28 Олимпиадасына БАҚ аккредитациясын бастады. Журналистер 2026 жылдың 23 қазанына дейін өтінім бере алады.

LA28 Олимпиадасына БАҚ аккредитациясы басталды
Сурет: aikyn.kz

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына (LA28) БАҚ өкілдерін аккредиттеу процесі басталғанын мәлімдеді. Ойындар 2028 жылдың 14-30 шілдесі аралығында өтеді.

LA28 аясында Халықаралық Олимпиадалық комитет (ХОК) журналистерге арналған Press Accreditation Registration Portal платформасын іске қосты. Осы портал арқылы БАҚ өкілдері Олимпиаданы ақпараттық жағынан қамтуға ниет білдіріп, Expression of Interest өтінімін жібере алады. Портал 2026 жылдың 31 тамызы мен 23 қазаны аралығында жұмыс істейді.

Қазақстандық БАҚ өкілдерінің өтінімдері тікелей Қазақстан ҰОК-қа түседі. Комитет өтінімдерді қарап, елге бөлінген квотаны үлестіруге жауапты болады. ХОК пен LA28 ұйымдастыру комитеті үміткерлерге тікелей жауап бермейді және жеке өтінімдердің мәртебесі туралы ақпарат ұсынбайды. Барлық сұрақтар тек Қазақстан ҰОК-қа жолдануы тиіс.

Маңыздысы, Expression of Interest өтінімін беру аккредитацияның берілетініне кепілдік бермейді. Әр елге арналған баспасөз аккредитацияларының саны ХОК белгілеген квотамен шектеледі. ҰОК өтінімдерді қарап, ұлттық БАҚ арасында квотаны бөледі, ал түпкілікті шешімді ХОК қабылдайды.

Кімдер өтінім бере алады?

Баспасөз аккредитациясы Олимпиаданы қамтуды жоспарлаған кәсіби БАҚ өкілдеріне беріледі. Негізгі санаттар: E – журналистер мен редакторлар, EP – фотографтар, ENR – трансляция құқығы жоқ телеұйымдар өкілдері. Өтінімдерді қарауда кандидаттың да, БАҚ-тың да кәсіби деңгейі, спорт түрлерін қамту ауқымы ескеріледі.

Аккредитация жарнама, маркетинг, PR агенттіктерінің қызметкерлеріне, спортшылар өкілдеріне, спорт федерацияларының баспасөз қызметтеріне, ҰОК коммерциялық серіктестеріне және мемлекеттік орган өкілдеріне берілмейді.

Телеөкілдер мен келесі кезеңдер

Трансляция құқығы жоқ телеұйымдар ENR санаты бойынша өтінімді 2026 жылдың 23 қазанына дейін жіберуі қажет. ҰОК үміткерлер тізімін ХОК-ке жолдайды, ал түпкілікті шешімді ХОК қабылдайды.

Press by Number кезеңі 2026 жылдың қазанында басталып, нақты БАҚ-қа берілетін аккредитация саны анықталады. Press by Name кезеңі 2027 жылдың күзінде өтеді, онда БАҚ нақты журналистер мен фотографтарды белгілейді. Өтінім қабылдау 2026 жылдың 23 қазанына дейін жалғасады.