ҚР Ұлттық ұланы офицері қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан кубогын жеңіп алды
ҚР Ұлттық ұланының офицері капитан Қымбат Ахмет Щучинскіде өткен қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан кубогында екі пәннен жеңімпаз атанды.
Ақмола облысының Щучинск қаласында 25-28 тамыз аралығында ересектер арасында қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының кубогы өтті. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлайды.
Жарысқа жоғары деңгейдегі дене шынықтыру, жекпе-жек техникасы мен төзімділігін көрсеткен мықты спортшылар қатысты.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Burkit Team» спорт командасының өкілі, 6654 әскери бөлімінің офицері, капитан Қымбат Ахмет сәтті өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша ол екі пән бойынша бірінші орынға ие болды.
Жекпе-жек бөлімінде 53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде капитан Қымбат Ахмет Қазақстан Республикасы кубогының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, спортшы 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «Өзін-өзі қорғау» бөлімінде де жеңіске жетті.
Капитан Қымбат Ахметтің республикалық деңгейдегі жарқын жеңісі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының спорттық жетістіктеріне үлес қосты.




