Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Көшпенділер ойыны: үшінші күн қорытындысы — 12 алтын, 7 күміс, 5 қола

Көшпенділер ойыны: үшінші күн қорытындысы — 12 алтын, 7 күміс, 5 қола
Сурет: inform.kz

Астанада өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші күнінде Қазақстан құрамасы 12 алтын, 7 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы ҚР Спорт комитеті хабарлады.

Аударыспақтан 100 келі салмақта ел намысын қорғаған әлем чемпионы, екі дүркін ойын жеңімпазы Сырым Ізбасаров қырғызстандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, үшінші рет чемпион атанды. 90 келіде Дарын Өткелбай барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын алды. Ал Нұржан Еркінұлы қола жүлдеге ие болды.

Құсбегіліктен төрт спортшы жүлдегер атанды. «Қаршыға» бойынша Серікболсын Жалғасұлы «Жебе» құсымен алтын, «бүркіт» бойынша Арман Қошқаров «Алғыр» қыранымен күміс, «ителгі» бойынша Бақдәулет Бабажан «Ұшқыр» құсымен күміс, ал Ерлан Кенжетаев «Ақбалық» құсымен қола медаль алды.

Сурет: inform.kz

Самбодан Болат Сапар (+98 келі) алтын, Еркебұлан Нығметов (79 келі) мен Жандос Бейсенбаев (64 келі) қола жүлдегер атанды. Қырғыз күресінен Алмас Жұмағали (+100 келі) финалда қырғыз спортшысына есе жіберді. Арқан тартыстан құрама «4×4» бағдарламасы бойынша ирандықтарды жеңіп, алтын алды.

Қол күресінен қазақстандықтар 7 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Алтын жүлдегерлер: Нұрдәулет Айдархан (-90, оң және сол қол), Медет Құттымұратов (+90, оң және сол қол), Данил Устинов (-80, сол қол), Малена Сыдыкжан (+65, оң және сол қол).

Ертең, 4 қыркүйекте, спортшылар көкпар, аламан бәйге, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жамбы ату, тазы жарысы және басқа да 21 спорт түрінен сынға түседі.