Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қонаевта ASPAN FEST мәдени маусымы аяқталды

Қонаевта өткен ASPAN FEST фестивалінің жабылу салтанаты туралы толық ақпарат. 15 мыңнан астам көрермен қатысқан шарада танымал әншілер өнер көрсетті.

Қонаевта ASPAN FEST мәдени маусымы аяқталды
Сурет: aikyn.kz

Биылғы жаз Қонаев қаласының мәдени өмірінде ерекше оқиға болды. ASPAN FEST аясында отандық эстрада жұлдыздары мен жас таланттар бір сахнада өнер көрсетіп, көрерменге әртүрлі музыкалық бағдарлама ұсынды. Ай сайын өткен концерттер облыс орталығының кешкі тынысына сән беріп, тұрғындар мен қонақтардың демалысын байытты.

Фестиваль тек ән-күймен шектелмеді. Демеушілердің қолдауымен келушілерге арналған ұтыс ойындары ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шаралардың тегін өтуіне облыс әкімдігі мүмкіндік жасаған.

– Фестивальге елге танымал көптеген эстрада жұлдызы қатысты. Сонымен бірге жергілікті өнерпаздарымызға да үлкен сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік берілді. Бұл жобаны Алматы облысының тұрғындарына жақсы көңіл күй сыйлап, жазғы демалысты мазмұнды өткізуге жағдай жасау мақсатында демеушілердің қолдауымен ұйымдастырдық. Қала тұрғындары мен қонақтарына көңілді кеш, ұмытылмас әсер сыйлауға барынша күш салдық, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев.

Мега фестивальдың жабылу салтанаты ерекше сән-салтанатымен есте қалды. Сахна төріне Қайрат Нұртас, «МузАРТ» тобы, Әбдіжаппар Әлқожа, Заттыбек Көпбосынұлы, Raim, Alem, Зарина Омарова, Райым Уайс, Дана Кентай және басқа да өнерпаздар шығып, көпшілікке әннен шашу шашты. Танымал әндерге қосыла шырқаған көрермен орталық алаңды үлкен концерттік кеңістікке айналдырды.

Фестиваль аясында мәдени демалыспен қатар қоғамдық маңызы бар бастамаларға да назар аударылды. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының негізгі бағыттары насихатталып, қоршаған ортаны таза ұстау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы айтылып, қоғамдық тәртіп пен азаматтық жауапкершілік мәселесіне мән берілді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестивальдың қорытынды кешіне 15 мыңнан астам адам қатысқан. Кеш барысында түрлі белсенділік танытқан көрерменге арнайы сыйлықтар табысталды. Осылайша, маусым айында басталған ASPAN FEST жаздың соңғы күндерінде мыңдаған көрерменнің басын қосқан үлкен музыкалық мерекемен түйінделді.

Көрермендер де биылғы фестивальдың ұйымдастырылуына оң бағасын беріп, мұндай ашық аспан астындағы мәдени іс-шаралар қаланың тынысын жандандырып, тұрғындардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беретінін атап өтті. Жаз бойы ән мен думанға бөленген Қонаевтағы ASPAN FEST осылайша көпшілікке жарқын әсер қалдырып, маусымды көтеріңкі көңіл күймен қорытындылады.