Көкшетаудағы саяжай аумағында 200-ге жуық үй жарықсыз қалды
Көкшетау қаласындағы «Маяк» бау-бақша серіктестігінде трансформаторлық қосалқы станция істен шығып, шамамен 200 үй электр қуатынсыз отыр. Тұрғындар жарықтың 13 қазан кешінен бері өшкенін айтып шағымдануда.
Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, 2026 жылғы 13 қазанда «Маяк» бау-бақша серіктестігінің аумағындағы трансформаторлық қосалқы станцияда қысқа тұйықталу болып, электр энергиясын беру тоқтаған. Салдарынан шамамен 200 үй кезекті мәрте жарықсыз қалған.
Ақауды жою және электрмен жабдықтауды қалпына келтіру үшін оқиға орнына «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің апаттық бригадасы жіберілген. Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта кернеуі 10/0,4 кВ болатын №731 трансформаторлық қосалқы станцияны қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жұмысқа Көкшетау қалалық электр желілері бөлімшесінің мамандары — электротехникалық зертхана қызметкерлері, орталықтандырылған жөндеу бригадалары және желілік-шеберлік учаскесінің мамандары тартылған. Олардың негізгі міндеті — ақаудың салдарын жою және электрмен жабдықтауды қалпына келтіру.
Алайда электр қуатының нақты қай уақытта толық берілетіні туралы ақпарат әзірге хабарланбаған.
Қала әкімдігінің түсіндіруінше, «Маяк» бау-бақша серіктестігінің электр желілері тарихи тұрғыдан саяжай бірлестігінің қажеттілігіне қарай қалыптасқан. Жекелеген үйлерді электр желісіне қосу жұмыстарын тұрғындар өздері жүргізген. Жылыту маусымы басталғанда электр желілеріне түсетін салмақ арта түседі. Әсіресе ұзақ жанатын пештермен қатар түрлі электр құрылғыларын пайдаланатын тұрғындардың тұтынуы көбейген кезде желінің шамадан тыс жүктелу қаупі туындайды.
Ведомство өкілдерінің айтуына қарағанда, жүктеменің артуы электр беру желілерінің шамадан тыс керілуіне, сымдардың салбырауына және бір-бірімен жанасуына әкеліп соғуы мүмкін. Мұндай жағдайлар қысқа тұйықталуға және электр қуатының апатты түрде ажыратылуына себеп болады.
Жергілікті билік «Маяк» бау-бақша серіктестігінің электр желілерін жаңғырту жұмыстарын қолға алған. Әкімдік мәліметінше, аталған аумақтың электр желілері профильді бөлімнің теңгеріміне қабылданған.
– Электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, осындай апаттардың алдын алу үшін бірқатар инфрақұрылымдық шара жоспарланған. Атап айтқанда, қазіргі уақытта төрт трансформаторлық қосалқы станцияны сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар СВ-105 маркалы 50 электр бағанын сатып алу бойынша конкурс аяқталған. Бұған қоса СВ-95 маркалы тағы 350 бағанды сатып алу көзделген, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен.
Әкімдік мәліметіне сәйкес, аталған сатып алулар бойынша конкурстық рәсімдер аяқталып, мердігер анықталған және тиісті шарт құжаттары рәсімделген. Жоспарланған жұмыстар толық жүзеге асса, электр желілерінің өткізу қабілетін арттырып, олардың сенімділігін күшейтуге мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде апатты ажыратулардың қаупін азайтып, тұтынушыларды электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.
«Маяк» бау-бақша серіктестігіндегі жағдай саяжай аумақтарында орналасқан үйлердің бір бөлігі үшін электрмен жабдықтау инфрақұрылымын жаңарту қажеттігін тағы да көрсетті. Әсіресе мұндай үйлер жыл бойы тұрақты тұратын адамдар үшін аса маңызды мәселе. Қазіргі кезде мамандар апат салдарын жоюға күш салып жатса, жергілікті билік алдағы уақытта желілердің өткізу қабілетін арттыруға арналған жұмыстарды жоспарлаған.
Тұрғындар үшін ең өзекті мәселе — электр қуатының қашан қалпына келтірілетіні. Ал ұзақ мерзімді шешім электр желілерін жаңғырту жұмыстарының қаншалықты уақытылы әрі сапалы орындалатынына байланысты болмақ.




