Қазақстанда өлім-жітім көрсеткіштері айтарлықтай төмендеді
Қазақстанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өлім-жітім төмендеп, денсаулық сақтау көрсеткіштері жақсарды.
Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытындылар жарияланды. Бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиевтің мәліметінше, елдегі негізгі денсаулық көрсеткіштері жақсарған.
Жалпы өлім-жітім 0,8 пайызға, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 10,9 пайызға, онкологиялық аурулардан 5 пайызға, ал жол-көлік оқиғалары салдарынан 20,9 пайызға азайған. Жеті ай ішінде ана өлімі 17,5 пайызға төмендеген.
«Денсаулық сақтау жүйесінің басты нәтижесі – адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Оң динамика қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Енді осы нәтижені бекітіп, барлық өңірде сапалы медициналық көмектің бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды», – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Ана мен бала денсаулығы көрсеткіштері де жақсарған. Ана өлімі 100 мың тірі туған балаға шаққанда 9,7-ден 8,0-ге дейін төмендесе, нәресте өлімі 5,93-ті құрап, жоспарлы 7,3-тен төмен болды. Неонаталдық өлім 3,05-ке жетіп, жоспар 4,1 болған. Екінші жартыжылдықта жүктілік асқынуларының алдын алуға, әйелдер мен балаларды медициналық бақылау сапасына және патронажға ерекше назар аударылады.
Профилактикалық іс-шаралармен қамту артып келеді. МСАК ұйымдарына профилактикалық мақсатта келу үлесі 33,7 пайызға жетіп, жылдық жоспар 27 пайызды құраған. Онкологиялық скринингтермен қамту 37,6 пайыздан 42 пайызға дейін өскен. Қатерлі ісіктердің ерте сатыларында анықталу үлесі 34,3 пайызды құрап, жоспарлы 33,8 пайыздан асып түсті.
Министрлік ауруларды ерте анықтау көрсеткіштері төмен өңірлердегі жұмысты күшейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жақсарған: отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесі 34,9 пайызға жетіп, жоспар 32 пайыз болған. Дәрілік заттардың қозғалысын қадағалау көрсеткіші 77 пайызды құрап, жылдық жоспардан асты.
Соңғы үш жылда медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары 6,7 есеге өскен. Негізгі басымдық – дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін өңірлерде тұрақтандыру. Жартыжылдық қорытындысы бойынша 24 негізгі көрсеткіштің бесеуі қосымша назарды қажет етеді, өңірлік басқармаларға талдау жүргізіп, нақты шаралар қабылдау тапсырылды.
«Ел бойынша орташа көрсеткіштер жекелеген аумақтардағы проблемаларды жасырмауы тиіс. Жыл қорытындысы бойынша бізге себептерді түсіндіру емес, көрсеткіштердің нақты жақсаруы және халық үшін нақты нәтиже қажет», – деп түйіндеді Тимур Сұлтанғазиев.




