Қазақстанда ағза трансплантаттауын 4 739 адам күтіп отыр
13 тамыз – Дүниежүзілік донорлық күні. Қазақстанда ағза трансплантаттауын 4 739 адам, оның ішінде 125 бала күтіп отыр.
13 тамыз – Дүниежүзілік донорлық күні. Осыған орай Қазақстанда ағза трансплантаттауын күтіп жүргендер саны белгілі болды. Қазіргі уақытта бұл тізімде 4 739 адам бар, оның ішінде 125-і – балалар.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, күту парағындағылардың басым көпшілігіне бүйрек ауыстыру қажет – 4 208 пациент. Бауыр трансплантаттауын 293 адам, жүрек ауыстыруды 208 адам, ал өкпе трансплантаттауын 30 науқас күтуде.
Соңғы жылдары елімізде трансплантаттау операцияларының саны артып келеді. 2023 жылы 236 операция жасалса, 2024 жылы – 260, ал 2025 жылы 310 операция жүргізілді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 150 трансплантаттау орындалды, оның 30-ы қайтыс болған донорлардың ағзалары арқылы жасалды.
Қайтыс болғаннан кейінгі әлеуетті донорлар саны да өсуде. 2023 жылы 49 әлеуетті донор анықталса, 2024 жылы – 86, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 186-ға жетті. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 108 әлеуетті донор анықталды. Сегіз жағдайда мультиағзалық алу жүргізілді, яғни бір донордың ағзалары бірнеше пациентке көмектесті.
Айта кету керек, әлеуетті донор – ағзалары автоматты түрде алынатын адам емес. Бұл – дәрігерлер консилиумы белгіленген тәртіппен ми өлімін анықтаған және донорлыққа қойылатын медициналық өлшемшарттарға сәйкес келетін пациент. Осыдан кейін адамның көзі тірісіндегі ерік білдіруі тексеріліп, заңнамада көзделген барлық рәсімдер жүргізіледі.
Қазақстан азаматтары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз шешімін алдын ала eGov арқылы тіркей алады. Қазіргі таңда мұндай таңдауды 172 283 адам жасады. Оның ішінде 16 109 адам келісімін білдірсе, 156 174 адам бас тартқан.
Донорлық қоғамдық диалогтың маңызды тақырыбына айналуда. Мәселен, 9 тамызда Астанада Heart Center Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырған жыл сайынғы Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіріс-фестивалі өтті. Іс-шараға шамамен 7 мың адам қатысты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы дәстүрлі түрде іс-шараның әріптесі болды.
Республикалық орталық трансплантаттау қызметін дамыту, донорлықты үйлестіру жүйесін жетілдіру, медицина мамандарын даярлау және халықтың хабардарлығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Бүгінде күту парағында 4 739 адам тұр. Бұл санның әрқайсысының артында нақты пациент пен отбасы тұр. Ал донорлық ағза олар үшін өмірді сақтап қалуға мүмкіндік беретін үміт болуы мүмкін.




