Қазақстанда 2026-2027 оқу жылының кестесі бекітілді
Қазақстанда 2026-2027 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімі, оқушылардың каникул кестесі мен қорытынды аттестаттау күндері ресми түрде бекітілді. Жаңа оқу жылы еліміздегі барлық орта білім беру ұйымдарында, меншік нысанына қарамастан, 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Оқу тоқсандарының ұзақтығы келесідей болады: бірінші тоқсан – 8 оқу аптасы, екінші тоқсан – 8 оқу аптасы, үшінші тоқсан – 10 оқу аптасы, төртінші тоқсан – 8 оқу аптасы. Бұл кесте барлық сыныптарға бірдей қолданылады.
Каникул кестесі
2026-2027 оқу жылындағы каникул мерзімдері де нақтыланды. Күзгі каникул 2026 жылғы 26 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді, оқушылар 7 күн демалады. Қысқы каникул 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін созылады, демалыс ұзақтығы 14 күнді құрайды. Көктемгі каникул 2027 жылғы 22–28 наурыз аралығына белгіленген, барлығы 7 күн.
Бірінші сынып оқушыларына қосымша демалыс қарастырылған. Олар 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында бір апта бойы демалады.
Қорытынды аттестаттау күндері
9 (10)-сынып оқушыларының қорытынды аттестаттауы 2027 жылғы 31 мамырдан 11 маусымға дейін өтеді. Емтихан күндері: 31 мамыр – математика (алгебра), 3 маусым – таңдау пәні, 7 маусым – оқыту тілі, 11 маусым – қазақ тілі мен әдебиеті немесе орыс тілі мен әдебиеті.
11 (12)-сынып түлектерінің мемлекеттік емтихандары 2027 жылғы 1-17 маусым аралығына жоспарланған. Осылайша, келесі оқу жылында оқушылар төрт тоқсан білім алып, күзде – 7 күн, қыста – 14 күн, көктемде – 7 күн демалады. Бірінші сынып оқушыларына бұдан бөлек ақпан айында қосымша бір апталық каникул беріледі.




