Қазақстан мен Корея бірлескен ет бұқтыратын цех салады
Қазақстан мен Корея Алматыдағы бизнес-форумда ет бұқтыратын цех салу, сиыр еті мен күнбағыс майын экспорттау жөнінде келісім жасады.
Алматыда өткен Қазақстан-Корея бизнес-форумында екі ел арасында бірқатар маңызды келісімге қол қойылды. Соның ішінде Қазақстан аумағында ет бұқтыратын бірлескен цех салу жобасы да бар. Қазақстандық тараптан жобаны Samsar Investment компаниясы жүзеге асырады, ал жобаның жалпы инвестициясы 1,3 миллион АҚШ долларын құрайды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Оңтүстік Кореяға құны 13 миллион доллар болатын 1 мың тонна сиыр етін экспорттауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Samsar Investment айына 3 мың тонна рафинадталған күнбағыс майын экспорттау туралы келісімге қол жеткізді. Жалпы, форумға екі елдің 200-ден астам бизнес өкілі қатысып, қорытындысында жалпы құны 54,8 миллион долларды құрайтын коммерциялық құжаттарға қол қойылды.
Бизнес-форумға Оңтүстік Кореядан 55 жыл бұрын құрылған Корея импорттаушылар қауымдастығы (KOIMA) 100-ге жуық бизнес делегациямен арнайы келді. Бұл кездесу биыл маусым айында Сеулде өткен KoreaImport Expo 2026 көрмесінің жалғасы болып отыр. Аталған көрмеге қазақстандық ауыл шаруашылығы және тағам өндірісімен айналысатын 15 компания қатысып, қазақстандық ауылшаруашылық өнімдеріне қызығушылық артқанын көрсетті.
KOIMA төрайымы Ён Ми Юн форумда сөйлеген сөзінде Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды экономикалық және логистикалық орталық екенін атап өтті. Оның айтуынша, энергетика, өнеркәсіп және стратегиялық пайдалы қазбалар салаларындағы артықшылықтармен қатар, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің тұрақты дамуы Қазақстанға Кореяға тауар жеткізу тізбектерін әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда айналымы жыл сайын артып келеді. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 3,17 млрд АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өскен. Ал 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында бұл көрсеткіш 1,3 миллиард долларды құрады, ал Қазақстан өнімдерінің Кореяға экспорты 17,2%-ға артқан.
Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабековтің пікірінше, Корея Республикасы Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Ол елдер арасындағы байланыс 1992 жылдан бері дипломатиялық және сауда-экономикалық ынтымақтастыққа негізделіп дамып келе жатқанын, сауда көлемін ұлғайтумен қатар дайын өнімдер мен қосылған құны жоғары тауарлар экспортын арттыру маңызды екенін жеткізді.




