Қазақстан банк секторының BICRA көрсеткіші жақсарды
S&P Global Ratings Қазақстанның банк секторындағы BICRA көрсеткішін жақсартып, бірқатар банктердің рейтингін көтерді.
S&P Global Ratings халықаралық агенттігі Қазақстанның банк секторындағы елдік тәуекелдерді бағалау көрсеткішін (BICRA) жақсартты. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді.
Агенттік «Салалық тәуекел» компонентінің бағасын «7»-ден «6»-ға көтерді, ал «экономикалық тәуекел» бойынша болжам «тұрақтыдан» «оңға» өзгертілді. Шешім 2026 жылғы 4 қыркүйекте қабылданып, қаржы ұйымдарының рейтингтеріне әсер етті.
S&P Банк ЦентрКредиттің ұзақ мерзімді рейтингін «BB+» деңгейіне дейін көтерді. Freedom тобының еншілес құрылымдарының ұлттық шкаладағы рейтингтері «kzA» деңгейіне жоғарылады. Halyk Bank («BBB-»), Нурбанк («B») және Freedom холдингінің халықаралық рейтингтері бойынша болжам «оң» деңгейге қайта қаралды.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы банк секторын қадағалау жүйесін нығайту шаралары экономикалық құлдырау кезеңдерінде қаржылық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде реттеу мен қадағалау жүйесі Өзбекстан, Қырғызстан, Армения және Әзербайжанға қарағанда тиімдірек деңгейге жеткен.
Рейтингтің жақсаруына қаржы нарығын қадағалау сапасы, банктердің қызметін тұрақты бақылау, капитал мен өтімділікке қойылатын талаптардың күшеюін мониторингтеу, есептіліктің ашықтығын арттыру және стресс-тестілеу әсер етті. Сондай-ақ корпоративтік басқаруға, киберқауіпсіздік пен климаттық тәуекелдерге назар аударылуда.
Экономикалық тәуекел бойынша болжамның «оң» деңгейге өзгеруі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақтануы, инфляцияның баяулауы және банктер активтерінің сапасының жақсаруымен байланысты. Бұл елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығына берілген халықаралық оң баға болып отыр.




