Қазақстан авиациясы: жаңа терминалдар мен халықаралық бағыттар
Қазақстан авиациясын жаңғырту: жаңа терминалдар, халықаралық бағыттар, жүк авиациясының өсуі және 2030 жылға дейінгі жоспарлар туралы шолу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік-логистикалық әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет азаматтық және жүк авиациясын жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл шаралар елдің халықаралық байланыстарын нығайтуға, Транскаспий халықаралық көлік бағытына интеграциялануға және Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзиттік торап ретіндегі рөлін кеңейтуге бағытталған.
Авиациялық инфрақұрылым жаңғыртылып, маршруттық желі кеңейіп, халық үшін әуе тасымалы қолжетімді бола түсуде. Әуежайлардың жаңаруы, мультимодальды логистикалық хабтардың қалыптасуы және халықаралық рейстер географиясының кеңеюі туралы толығырақ — шолуда.
Жүк авиациясы: көрсеткіштер өсуде
2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан әуежайлары 102,5 мың тонна жүк өңдеді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 10%-ға артық. Жүктің басым бөлігі — 66,1 мың тонна (64%-дан астамы) — Алматы халықаралық әуежайына тиесілі.
Алматыда 2025-2028 жылдарға арналған Horizon бағдарламасының бірінші кезеңі жүзеге асырылуда. Жоба аясында экспорттық аймақ 5 мың шаршы метрге кеңейтіліп, Boeing 747-8 және Airbus A380 сияқты F класындағы ірі жүк ұшақтарына арналған 7 тұрағы бар жүк перроны салынады. Сондай-ақ 500 гектар аумақта логистикалық кластер құру жоспарланған.
Ақтөбеде отын-жанармай құю инфрақұрылымы дамып жатқан логистикалық кешен салынуда. Қарағандыда жүк авиакомпанияларын қабылдау инфрақұрылымы кеңейтілуде, ал Ақтауда авиациялық, теңіз және теміржол маршруттарының интеграциясы ұйымдастырылуда.
Транзиттік әлеуетті арттыру шаралары нәтиже беруде. 2026 жылдың маусымынан бастап әлемдегі ірі жүк тасымалдаушылардың бірі Cargolux Астана арқылы рейстерді қайта жандандырып, аптасына 14 рейске дейін орындауды жоспарлап отыр. Әзірге ұшақтар жанармай құю және техникалық қызмет үшін қонып жатса, толыққанды коммерциялық жүк операцияларына көшу мәселесі пысықталуда.

Әуежайларда қосымша қойма қуаттары, фармацевтикалық және тез бұзылатын өнімдерге арналған температуралық сақтау аймақтары, электрондық коммерция нысандары сияқты қажетті инфрақұрылым кеңейтілуде. Бұл жүк операцияларының көлемін ұлғайтып, жаңа халықаралық тасымалдаушыларды тартуға мүмкіндік береді.
Тамыз айында Cathay Pacific Cargo компаниясы Астанаға тұрақты жүк рейстерін іске қосты. Тасымалдаушы Boeing 747 Freighter ұшақтарымен аптасына бес рейске дейін орындамақ, бұл Қазақстанның халықаралық жүк маршруттарына қосылуын нығайтады.
Терминалдар мен әуежайлар: құрылыс және жаңғырту
Соңғы үш жылда жеке инвестициялар есебінен Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдық кешендер пайдалануға берілді. Бұл жалпы өткізу қуатын 6,5 есеге арттырып, жолаушылар санын жылына 3,5 млн-нан 23 млн-ға дейін жеткізді.
Президенттің тапсырмасымен Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында үш жаңа әуежай құрылысы жүріп жатыр. Оларды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Ұшу-қону жолақтары мен әуеайлақ кешендері де жаңғыртылуда. Елордалық әуежайдың магистральдық ҰҚЖ күрделі жөндеуден өтті. Балқашта терминал ғимараты, бұру-қозғау жолы мен перрон реконструкцияланып, заманауи жарық-сигнал жабдығы орнатылды, Астана мен Алматыға рейстер ашылды.
Павлодар әуежайында ұшу-қону жолағы 45 метрден 60 метрге кеңейтілді. Бұл ауыр ұшақтарға ұшу салмағы шектеулерін алып тастап, қауіпсіздікті арттырды. Әуе айлағы Астана – Павлодар бағыты бойынша алғашқы рейсті қабылдап, жұмысын қайта бастады. Бұл бағытта аптасына төрт рет субсидияланатын рейс (15 мың теңге тарифімен) іске қосылды, ал 1 қыркүйектен бастап Алматыға күнделікті коммерциялық рейстер және Новосибирскіге аптасына жеті рет халықаралық қатынас қайта басталады.

2026 жылдың тамызында Арқалық әуежайын қалпына келтіру аяқталып, Астана – Арқалық бағыты бойынша алғашқы рейс 22 тамызда орындалды. Шымкентте екінші ҰҚЖ құрылысы 2027 жылы аяқталады, ал Үржарда жолаушылар терминалының реконструкциясы 2027 жылдың ақпанында бітеді.
Жолаушылар ағыны мен парк жаңаруы
2025 жылы қазақстандық авиакомпаниялар 15,4 млн жолаушы тасымалдады (2024 жылдан 4,8%-ға артық), ал әуежайлардың жалпы жолаушылар ағыны 31,8 млн адамға жетті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 7,4 млн жолаушы тасымалданып, өсім 2,6% құрады.
«Әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесі тетігі Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік бағыттарды дамытуға қолданылады. Осындай жобалардың бірі — VietJet Air компаниясының Ханой – Алматы – Прага бағыты бойынша рейс ашуға дайындығы.
«Ашық аспан» режимі аясында халықаралық бағыттар саны 135-ке жетіп, Қазақстанды әлемнің 30 елімен байланыстырады. 2026 жылы Варшава, Шанхай, Гуанчжоу, Ларнака, Ұлан-Батыр, Измир қалаларына бағыттар ашылды. Сондай-ақ Сиань, Үрімші, Бішкек, Новосібір, Санкт-Петербург, Түмен және Батумиге коммерциялық рейстер жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін Токио мен Қашқарға рейстер пысықталуда.
Қазақстанның тұрақты азаматтық авиация паркінде 111 әуе кемесі бар. 2026 жылдың соңына дейін тағы 6 ұшақ жеткізіледі (Air Astana үшін 4, Vietjet Qazaqstan үшін 2). 2030 жылға қарай Airbus A320/A321neo, Boeing 737 MAX және Boeing 787 Dreamliner жеткізу есебінен парк 160-қа дейін ұлғаяды (2027 жылы — 11, 2028 жылы — 10, 2029 жылы — 9, 2030 жылы — 13).
Салада шамамен 25 мың адам еңбек етеді. Азаматтық авиация академиясындағы мемлекеттік гранттар саны 2022–2023 оқу жылындағы 180-нен 2025–2026 оқу жылында 618-ге дейін өсті. Студенттер контингенті төрт жылда 72%-дан астамға артты, түлектердің жұмысқа орналасуы 90%-ға жетеді. Дуальды оқыту жүйесінде 220 студент 48 кәсіпорын базасында білім алуда.

Қауіпсіздік және транзит
ИКАО бағалауы бойынша, Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7%, ал ұшу қауіпсіздігін тиімді енгізу — 82%. Еуропа өңірінде бұл көрсеткіштер орта есеппен 88% және 74% құрайды.
2026 жылы Көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеп-тексеру жөніндегі мамандандырылған орталық құрылып, оған авиациялық оқиғаларды тергеу функциялары берілді. ИКАО-мен бірлесіп сарапшылар даярлау және зертханалық базаны дамыту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ авиация саласын 2050 жылға дейін дамыту жөніндегі бас жоспар әзірленуде.
Соңғы 3 жылда республика әуе кеңістігі арқылы транзиттік ұшулар көлемі 4 есеге артты. «Қазаэронавигация» РМК радиотехникалық жабдықтар мен навигациялық жүйелерді жаңғырту бойынша LEIDOS корпорациясымен бес жылдық келісімшарт жүзеге асыруда.
Авиаотын: өндіріс пен бәсекелестік
Авиациялық отынның бәсекеге қабілетті бағасы — халықаралық әуе компанияларын тартудың маңызды факторы. Қазақстанда Turkish Airlines, MNG Airlines, Cargolux, China Southern Airlines, HongKong Air Cargo, Fly Meta, Saudi Arabian Airlines, Air Atlanta, Hungary Airlines, Silk Way West Airlines, Easy Charter, Camex Airlines, My Freighter, Fly Khiva, Aerotrans және басқа да компаниялар жанармай құяды.
Делдалдық байланыстарды қысқарту және ашық баға белгілеуге көшу арқылы бәсекелестік артықшылықтарға қол жеткізілді. Жыл басынан бері «ҚМГ-Аэро» операторы шетелдік әуе компанияларына 50 мың тоннадан астам авиаотын жеткізді, бұл өңірдегі ең төменгі жанармай құнын сақтауға мүмкіндік берді.
Ішкі нарық қажеттілігі жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттары есебінен толық қамтамасыз етіледі. 2026 жылы отандық зауыттар 825 мың тонна авиаотын өндіреді, бұл импорттық ресурсты транзиттік және халықаралық маршруттарға босатады. 2032 жылға қарай авиациялық керосин өндірісі екі еседен астам артып, жылына 1,7–1,8 млн тоннаға жетеді. Отандық зауыттар Jet A-1 стандартына сай отын өндіруге дайын, ал әуежайларда жанармай құю кешендерін Joint Inspection Group стандарттары бойынша сертификаттау жұмыстары жүргізілуде.




