Қазақстан авиациялық хабқа айналу үшін жанармай нарығын дамытуы қажет
Қазақстан авиациялық хабқа айналу үшін жанармай нарығын дамытуы қажет. Мақалада жүк тасымалы, авиаотын өндірісі және геосаяси жағдайдың әсері қарастырылады.
Қазақстанның әуе көлігі саласында жүк транзиті мен мультимодальды логистика маңызды рөл атқара бастады. Елдің Еуропа мен Азия арасындағы қолайлы орналасуы бұл бағытқа мүмкіндік бергенімен, оны экономикалық пайдаға айналдыру үшін инфрақұрылым, жанармай және әуе паркі қатар дамуы тиіс.
2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан әуежайлары 102,5 мың тонна жүк өңдеді, бұл былтырғы көрсеткіштен 10 пайызға артық. Алайда осы көлемнің 64 пайыздан астамы, яғни 66,1 мың тоннасы Алматы әуежайына тиесілі. Бұл Алматының негізгі жүк хабы ретіндегі орнын көрсеткенімен, жүк тасымалының бір нүктеге шамадан тыс шоғырлануын да аңғартады.
Әуе компаниялары үшін картадағы қолайлы орыннан гөрі қызметтің құны мен сапасы маңызды. Ұшақтың жылдам қабылдануы, жүктің кідіріссіз өңделуі, техникалық қызметтің қолжетімділігі және жанармаймен тұрақты қамтамасыз етілуі жаңа бағыт ашу туралы шешімге тікелей әсер етеді. Сондықтан Қазақстанның авиациялық хаб ретіндегі болашағын тек терминалдар санымен бағалау біржақты болар еді.
Авиаотын нарығы бұл ретте алдыңғы қатарға шығады. Биыл отандық зауыттар 825 мың тонна авиациялық отын өндіруі тиіс, ал 2032 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,7-1,8 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Өткен жылы елде шамамен 770 мың тонна авиаотын өндірілген. Мұндай өсім ішкі сұранысты қанағаттандырумен қатар, транзиттік рейстерді тартуға мүмкіндік береді. Дегенмен мәселе тек өндіріс көлемінде емес.
Авиаотын кейбір бағыттарда билет құнының 30 пайызына дейін жетуі мүмкін, сондықтан оның бағасы мен қолжетімділігі авиакомпаниялардың маршруттық саясатына ықпал етеді. Егер жанармай құю қымбат немесе жеткізу жүйесі тұрақсыз болса, географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан әуежайдың өзі халықаралық тасымалдаушы үшін тартымдылығын жоғалтады.
ҚМГ-Аэро мамандарының айтуынша, Қазақстандағы негізгі мәселелердің бірі – авиаотын стандарттарының әртүрлілігі. Елде дәстүрлі түрде ТС-1 және РТ маркалары қолданылса, халықаралық әуе компанияларының басым бөлігі Jet A-1 отынымен жұмыс істейді. Бұл айырмашылық Қазақстан әуежайларының әлемдік авиация нарығына бейімделу деңгейін көрсетеді.
Геосаяси тұрақсыздық әлемдік әуе тасымалына тікелей ықпал етіп отыр. Қауіпті әуе кеңістігін айналып өту, сақтандыру құнының өсуі және рейстердің ұзаруы тасымалдаушыларды балама бағыттар іздеуге мәжбүрлейді. Мұндай жағдайда саяси тұрақтылық пен қауіпсіздік көлік инфрақұрылымы сияқты маңызды бәсекелік артықшылыққа айналады.
Экономист, Qazaq Expert Club-тың тең құрылтайшысы Бауыржан Шорманов бұл өзгерістер Қазақстанға жаңа мүмкіндік ашатынын айтады. «Авиациялық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жоспарлары жергілікті көлік жобаларының шеңберінен әлдеқайда асып түседі. Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың бұрын-соңды болмаған деңгейде шиеленісуі, атап айтқанда, АҚШ пен Иран арасындағы тікелей қақтығыс аясында әлемнің ірі авиациялық мегахабтары – Дубай, Доха және Әбу-Даби операциялық және әскери тәуекелі жоғары аймақтарға айналып келеді. Сондықтан халықаралық әуе тасымалдаушылары үшін Еуразиядағы қауіпсіз әрі тұрақты транзит стратегиялық маңызға ие болуда», – дейді сарапшы.
Қазақстанның географиялық орны бұл мүмкіндікті пайдалануға қолайлы. Еліміз Қытай, Ресей, Орталық Азия және Еуропа арасындағы бағыттардың тоғысында орналасқан. Бірақ картадағы тиімді орын жолаушылар мен жүк ағынын өздігінен қамтамасыз етпейді.
«Қысқамерзімді перспективада тәуекелі жоғары Таяу Шығыс аймақтарынан авиациялық ағындардың қайта бағытталуы басталып кетті, – дейді экономист. – Ұшу бағыттарының өзгеруі, Парсы шығанағы үстімен ұшатын рейстерді сақтандыру құнының өсуі және қауіпті әуе кеңістігін айналып өту қажеттілігі әлемдік әуе компанияларын жаңа логистикалық дәліздерді іздеуге мәжбүрлеуде. Егер жерүсті инфрақұрылымы жедел дамытылса, Қазақстан бұл трафиктің елеулі бөлігін өзіне тарта алады».
Барлық әуе ағынын бір қалаға шоғырландыру міндетті емес. Астана Еуропа, Ресей және Орталық Азия арасындағы әкімшілік, іскерлік және дипломатиялық бағыттарға қызмет көрсете алады. Ал Алматы агломерациясына және Қытай шекарасына жақын Alatau City жүк тасымалына бағытталған мультимодальды орталық ретінде қарастырылуы мүмкін. Әуе, теміржол және автокөлік логистикасын бір жерге тоғыстыру Қытайдан келетін тауар ағынын өңдеуге мүмкіндік берер еді.
Хабтың экономикалық әсері транзитпен ғана өлшенбейді. Ұзақ аялдайтын жолаушылар қонақүй, қоғамдық тамақтану, сауда және экскурсия қызметтеріне сұраныс қалыптастырады. Сондықтан stopover-туризмді дамыту әуежайды өңір экономикасымен байланыстырып, транзиттен қосымша табыс табуға жол ашады.
Дегенмен мұндай модельдің табысты болуы жанармай базасына, сервистің сапасына және халықаралық тасымалдаушыларға ұсынылатын шарттарға байланысты. Жаңа мұнай өңдеу қуаттары ішкі нарықты авиациялық керосинмен тұрақты қамтамасыз етсе, Қазақстанның бәсекелік позициясы күшеюі мүмкін. Ал инфрақұрылым баяу дамыса, қазіргі геосаяси мүмкіндік уақытша құбылыс күйінде қалады.
«Қазақстан үшін авиациялық хаб құру – жай ғана ауқымды жоба емес, жаңа халықаралық логистикалық тізбектерге кірігудің стратегиялық қажеттілігі», – деп түйіндейді экономист.
Демек, авиациялық хаб құру жаңа терминал салудан басталмайды. Ол әуе компаниясына рейсті тиімді орындауға мүмкіндік беретін тұтас жүйеден басталады. Қазақстан үшін ендігі міндет – географиялық орналасуын атап көрсетумен шектелмей, сол артықшылықты нақты инфрақұрылыммен бекіту.




