Қазақ анимациясы АҚШ фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды
Қазақ анимациясы KÖLEÑKE АҚШ-тағы PFCAT фестивалінде арнайы жүлде алды. Su perisi мен Shańyraq та негізгі бағдарламада көрсетілді.
АҚШ-тың Портленд қаласында өткен PFCAT халықаралық фестивалінде «Қазақанимация» бірлестігінің KÖLEÑKE (18+) жобасы қазылар алқасының арнайы жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлады.
Хоррор-анимация жанрындағы туынды «Өзгеше көзқарас пен шығармашылық шеберлік үшін» аталымы бойынша марапатталды. Фестиваль сарапшылары жобаның авторлық қолтаңбасы мен көркемдік ерекшелігін жоғары бағалады.
KÖLEÑKE-ті отандық мамандар тобы жасап шығарды. Сценарий авторы – Ернар Тілеубаев, қоюшы режиссер – Мақсат Аяпов, қоюшы суретші – Даир Жиенқұлов, атқарушы продюсер – Нұржігіт Сұлтанберді.
Сонымен қатар, «Қазақанимацияның» фолк-хоррор жанрындағы Su perisi және Shańyraq драмасы фестивальдің негізгі бағдарламасына енді. Бұл туындылар Портлендте шетелдік көрерменге алғаш рет ұсынылды.




