Қаржы министрлігі 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасын ұсынды
Қаржы министрлігі 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасын әзірледі. Жаңа мөлшерлер: АЕК 4693 теңге, зейнетақы 8,5%-ға өседі, ММС жарнасы 2,2% болады.
Қаржы министрлігі «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын әзірледі. Құжатта 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылатын бірқатар әлеуметтік көрсеткіштердің жаңа мөлшері ұсынылған.
Атап айтқанда, ең төменгі жалақы 85 000 теңге деңгейінде өзгеріссіз қалады. Ал айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 693 теңгені құрайды, бұл 2026 жылғы 4 325 теңгеден жоғары. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 38 622 теңгеге, ал зейнетақының ең төменгі мөлшері 74 919 теңгеге жетеді.
Сонымен қатар базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 55 173 теңге болып белгіленбек. Бұл көрсеткіштердің барлығы 2026 жылғы мәндерден өскен.
Заң жобасында жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5%-ға арттыру қарастырылған.
Бұдан бөлек, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет тарапынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударылатын жарнаны ұлғайту ұсынылып отыр. Оның мөлшері жарнаны есептеу объектісінің 2,2%-ын құрайды, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 2% деңгейінде.
Заң жобасы қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында 5 қыркүйекке дейін орналастырылған.




