Қарағанды полицейлері шетелдік саяхатшыларға жол көрсетті
Қарағанды полицейлері Малайзия мен Қытайдан келген саяхатшыларға көмек көрсетіп, оларға қаладағы қажетті орындарды көрсетті.
Қарағандыда патрульдік полиция қызметкерлері шетелден келген саяхатшыларға көмектесті. Бір күні олар қала көшелерінің бірінде өте баяу қозғалып келе жатқан BYD көлігін байқады. Рөлде Малайзия азаматы отырған, ол жолсеріктерімен бірге әлемді аралап, Қытайға бет алған екен.
Полицейлер электрлі көліктің қуатын үнемдеп келе жатқанын түсініп, туристермен ағылшын тілінде сөйлесіп, қаладағы тамақтанатын және аялдайтын орындарды көрсеткен.
Келесі күні патрульдік полиция қызметкерлері Бұқар жырау даңғылында чемодан көтеріп жүрген Қытай азаматын кездестірді. Ол қонақүйден бос орын таба алмай жүргенін айтты. Полицейлер оған қонуға қолайлы орын табуға көмектесті.
Бұл – полиция қызметінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, қала қонақтарына қажет кезде қолдау көрсетуге де бағытталғанын көрсететін қарапайым, бірақ маңызды мысал.
– Қазақстанға келген әрбір қонақ өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі маңызды. Ал полицейлердің дер кезінде көрсеткен көмегі – елдегі қонақжайлық пен қамқорлықтың жарқын көрінісі, – делінген хабарламада.




