Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
20 тамыз 2026, бейсенбі USD 462,2 EUR 536,5 RUB 5,43 CNY 68,6 Астана +19° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Қанат Бозымбаев Қарағанды облысында жылу маусымына дайындықты тексерді

Қанат Бозымбаев Қарағанды облысында жылу маусымына дайындықты тексерді.

Қанат Бозымбаев Қарағанды облысында жылу маусымына дайындықты тексерді
Сурет: baq.kz

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қарағанды облысына іссапарымен барып, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуын және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының алдағы жылыту маусымына әзірлігін тексерді.

Вице-премьер Теміртау мен Қарағанды қалаларында болып, жылу магистральдарының, су тазарту құрылыстарының, электр желілері мен қосалқы стансалардың жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл инфрақұрылымның басым бөлігі 1960-1990 жылдары салынған, кейбір нысандардың тозуы 70-80 пайызға жеткен.

Сурет: baq.kz

Теміртауда негізгі жұмыс жылу желілерін жаңартуға бағытталған. ЖМ-3 жылу магистралінің 8,27 шақырым құбыры қайта жаңартылуда. Бұл желі 60 мыңға жуық тұрғынды, 312 көпқабатты үй мен 22 әлеуметтік нысанды қамтамасыз етеді. Магистраль 1967 жылдан бері пайдаланылып келеді, тозу деңгейі 75 пайызға жеткен, соңғы бес жылда 38 ақау тіркелген.

Сондай-ақ вице-премьерге былтыр аяқталған ЖМ-2А жылу магистралінің 3,64 шақырымын жөндеу нәтижесі көрсетілді. Бүгінде бұл магистраль 7,2 мыңнан астам абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Бұрын тозуы 75 пайызға жеткен және соңғы бес жылда 31-ге жуық ақау шыққан бұл желіде ұлттық жоба аясында алғаш рет жылыту маусымы апатсыз әрі ажыратусыз өтті.

Сурет: baq.kz

Қарағанды қаласында сумен жабдықтау жүйесіне ерекше назар аударылды. Мұнда 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген «Қарағанды Су» ЖШС-нің су тазарту кешені қайта жаңартылуда. Нысанның тозуы 80 пайызға жеткен, соңғы үш жылда 89 апат болған. Кешеннің үздіксіз жұмысы Қарағанды, Теміртау қалалары мен Ақтас кентінің 695 мыңға жуық тұрғынын, сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-3 орталығын ауызсумен қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Қазір негізгі құрылыстар мен технологиялық жабдықтар жаңартылуда, жоба құны 15,1 млрд теңге.

Қанат Бозымбаевқа облыстың электр желілерін жаңғырту жұмыстары да таныстырылды. Өңірде электр беру желілері мен қосалқы стансаларды қайта жаңарту бойынша алты жоба әзірленген, оның төртеуі жүзеге асырылуда: 110 кВ екі желі мен екі қосалқы станса жаңартылуда. Бұл жұмыстар желілердің тозуын азайтуға және аймақты электрмен қамтамасыз ету сенімділігін арттыруға бағытталған.

Сурет: baq.kz

Сапар Қарағандыдағы М-3 жылу магистралін аралаумен аяқталды. Онда вице-премьер қаланың екі ірі жылу магистралін қайта жаңарту барысымен танысты. М-3 желісінде 2,4 шақырым құбыр жаңартылуда. Бұл магистраль 183 мыңға жуық тұрғынды, 817 көпқабатты үйді және 611 әлеуметтік-мәдени нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Қайта жаңартудан кейін жүйенің тиімділігі артып, жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандар мен бизнес нысандарын қосуға мүмкіндік болады.

М-2 жылу магистралі мен №2 сорғы стансасын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Нәтижесі қазірдің өзінде айқын: жылыту маусымындағы ақаулар саны 36-дан екіге дейін азайды. Жоба толық аяқталғаннан кейін Қарағандының орталық бөлігіндегі 64 мыңға жуық тұрғын тұрақты жылумен қамтамасыз етіледі.

Сурет: baq.kz

Өңірдегі жұмыстың барысын бағалай келе, Қанат Бозымбаев қазіргі басты міндет – ең тозығы жеткен учаскелерді уақытында жаңартып, коммуналдық инфрақұрылымды жылыту маусымына толық дайындау екенін атап өтті.

«Қарағанды облысында жұмыс жақсы қарқымен жүріп жатыр: жылу мен электр желілерінің ең қатты зақымдалған әрі тозығы жеткен бөліктері ауыстырылуда. Өңірдің міндеті – барлық қажетті жұмысты 15 қыркүйекке дейін аяқтап, гидравликалық сынақтарды өткізу және жылыту маусымына жүз пайыз дайындықпен кіру. Түптеп келгенде, мұның бәрі халық үшін жасалып жатыр. Жылу, су және электр қуаты – адам күнделікті пайдаланатын тіршілік көздері. Сондықтан біздің мақсатымыз – бұл қызметтердің үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыру», — деді Қанат Бозымбаев.

Қарағанды облысындағы жобаларды жүзеге асыру кезінде отандық өндірушілердің өнімдері белсенді қолданылуда. Сапар барысында таныстырылған нысандардың басым бөлігінде қазақстандық өнімдер 95 пайыздан асады, ал кейбір жобалар бойынша 100 пайызға жетеді.

Сапар қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев құрылыс-монтаждау жұмыстарының мерзімі мен сапасын қатаң сақтауды тапсырды. Жылыту маусымының апатсыз өтуіне тікелей әсер ететін нысандарға ерекше назар аударылуы тиіс. Облыс әкімдігі мен жауапты ұйымдарға бекітілген кестеден кешікпеу және жаңғыртылатын инфрақұрылымның күзгі-қысқы кезеңге толық дайын болуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Анықтама: «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы 2029 жылға дейін жүзеге асырылады және инфрақұрылымның тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендетуге, апат қаупін 20 пайызға азайтуға бағытталған.