Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова қыздарының тұсаукесерін өткізді
Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова қыздары Рәбия Сұлтанның тұсаукесерін өткізіп, той жасады. Тойдың бейнежазбасы әлеуметтік желіде жарияланды.
Әнші Қайрат Нұртас пен актриса Жұлдыз Әбдікәрімова қыздары Рәбия Сұлтанның бір жасқа толуына орай той жасап, тұсаукесер рәсімін өткізді. Бұл туралы Aikyn.kz хабарлады.
Өнер иелері қуаныштарын жақындарымен, әріптестерімен және достарымен бөлісті. Тойдың бейнежазбасын Жұлдыз Әбдікәрімова әлеуметтік желіде жариялады.
«Күнтізбеміздегі ең бақытты күндеріміздің бірі болсын. Осыдан тура 1 жыл бұрын біздің үйге күннің шуағындай жарқырап Рәбия Сұлтан қосылған. Салтымызды сақтап, дәстүрді жалғап, Рабия Сұлтанның тұсау кесу рәсімін жасадық», – деп жазды актриса.
Сәбидің тұсауын тележүргізуші Динара Сәтжан кескенін байқауға болады. Желі қолданушылары жұлдызды жұпты құттықтап, жылы лебіздерін білдіруде.




