Кадрлық тағайындаулар: апта ішіндегі өзгерістер
Қазақстанда 10-16 тамыз аралығындағы кадрлық тағайындаулар: Президент Әкімшілігі, Қорғаныс министрлігі, білім саласы және өңірлердегі жаңа қызметтер.
Осы аптада Қазақстанның орталық және жергілікті атқарушы органдарында, білім саласында бірнеше кадрлық тағайындаулар жасалды. 10-16 тамыз аралығындағы жаңа тағайындауларға шолу жасаймыз.
Мемлекет басшысының өкімімен Бақыт Есімова ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Ол Павлодар облысында туған, Санкт-Петербург мемлекеттік инженерлік-экономикалық университетін «Болашақ» бағдарламасы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы «Қазақстан жастары конгресі» қауымдастығында бастап, әр жылдары мемлекеттік қызметте түрлі лауазымдар атқарған. 2022 жылдың мамырынан бастап осы бөлім басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Тағы бір өкіммен Әділ Сүбебаев Қарулы Күштердің Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Ол 1980 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген, 2002 жылы Смоленскідегі Әскери университетті, 2013 жылы Санкт-Петербургтегі Әуе-ғарыштық қорғаныс академиясын, 2025 жылы Ұлттық қорғаныс университетін бітірген. Әскери қызметін 2002 жылы бастап, радиотехникалық батареядан бастап әскери бөлім командиріне дейінгі лауазымдарды атқарған.
Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы болып Ерлан Абдуллаев тағайындалды. Ол 1983 жылы туған, Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын мектепте дене шынықтыру мұғалімі болып бастаған, кейін әскери салада түрлі қызметтер атқарған. Соңғы уақытта облыстық қорғаныс істері департаментінде жұмылдыруды жоспарлау бөлімінің бастығы болған.
Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров жаңа орынбасар Олжас Нукаевты ұжымға таныстырды. Нукаев 1985 жылы Өскеменде туған, қаржы магистрі. Мемлекеттік аудит саласындағы қызметін 2011 жылы ревизор болып бастаған. 2019-2022 жылдары Шығыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, ал 2022 жылдан бастап комитетте Тәуекелдерді басқару басқармасының басшысы болған. Жаңа қызметінде ол цифрлық дамыту және SMART AUDIT QAZAQSTAN жобасын енгізуге жетекшілік етеді.
Үкімет қаулысымен Шынар Ақпарова оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Ол 1972 жылы Қарағанды облысында туған, бірнеше жоғары оқу орнын бітірген. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, білім саласында түрлі лауазымдарды атқарған. 2025 жылдың қарашасынан бастап оқу-ағарту вице-министрі қызметін атқарған.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып Ренат Құрмамбаев тағайындалды. Ол бұған дейін Алтай ауданының әкімі болған. Жаңа қызметінде ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелеріне жетекшілік етеді. Құрмамбаев 1980 жылы туған, бірнеше мамандық бойынша білім алған. Мемлекеттік қызметтегі жолын 2003 жылы бастап, әр жылдары әкім, басқарма басшысы қызметтерін атқарған.
Су ресурстары және ирригация министрлігінде Ербол Салықбаев Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры болып тағайындалды. Ол 1989 жылы Түркістан облысында туған, техникалық және су ресурстары мамандықтары бойынша білім алған. Еңбек жолын 2012 жылы бастап, «Қазсушар» РМК-да түрлі лауазымдарды атқарған. Соңғы уақытта бас директордың пайдалану жөніндегі орынбасары болған.
Дәурен Сәкенов Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол ішкі істер органдарында 2007 жылдан бері қызмет етеді, жедел уәкілден бастап түрлі лауазымдарды атқарған. Ауыр қылмыстарды ашуда мол тәжірибесі бар. Жаңа қызметінде қоғамдық тәртіпті нығайту және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейді.




