Жапония Куриль аралдары бейнеленген жаңа әлем картасын түзетуді талап етті
Жапония үкіметі Equal Earth проекциясы бойынша жасалған жаңа әлем картасында даулы Куриль аралдары Ресеймен бір түсте көрсетілгенін сынға алып, картаны жасаушылардан оны түзетуді сұрады. Бұл туралы Жапония үкіметінің бас хатшысы Минору Кихара мәлімдеді.
Кихараның сөзінше, картадағы бұл белгілеу Жапония үкіметінің ресми ұстанымына қайшы келеді. Токио дипломатиялық арналар арқылы картаны жариялаған сайт операторына наразылық білдіріп, тиісті өзгеріс енгізуді талап етті.
The Guardian газетінің хабарлауынша, Жапонияда «Солтүстік аумақтар» деп аталатын даулы аралдар картада Ресей аумағымен бір түсте берілген. Токио бұл аумақтарға қатысты өз ұстанымы жөнінде қате түсінік қалыптасуына жол бермеу қажет деп санайды.
4 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы дәстүрлі Меркатор проекциясының орнына құрлықтардың көлемін дәлірек көрсететін Equal Earth проекциясын кеңінен қолдануды қолдайтын қарар қабылдады. Құжатты 164 мемлекет қолдап, АҚШ қарсы дауыс берді, алты ел қалыс қалды. Жапония қарарды қолдаған мемлекеттердің қатарында болды.
Жапония тарапы БҰҰ қарары нақты бір картаны немесе сайтты мақұлдамайтынын, тек Equal Earth проекциясын пайдалануды ынталандыратынын атап өтті.
Бұған дейін БҰҰ Бас Ассамблеясы әлем картасында құрлықтардың нақты көлемін дәлірек көрсететін картографиялық проекцияларды қолдануға шақыратын қарарды мақұлдағанын жазғанбыз.




