Иран әскері Кувейт пен БАӘ-дегі АҚШ нысандарына шабуыл жасады
Иран әскері Кувейт пен БАӘ-дегі АҚШ әскери нысандарына зымыран және дронмен соққы жасады. Кувейт бұл әрекетті егемендікті бұзу деп бағалады.
Иран қарулы күштері Кувейт пен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі американдық әскери нысандарға зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен соққы жасағанын ресми түрде мәлімдеді. Бұл әрекет АҚШ-тың Иран аумағына жасаған соңғы шабуылдарына жауап ретінде жүзеге асырылған.
Иран тарапының хабарлауынша, Кувейттегі Ахмед әл-Джабер авиабазасында спутниктік байланыс жүйелері, қару-жарақ қоймалары және әскери ұшақтарға арналған ангарлар нысанаға алынған. Шабуыл салдарынан байланыс жүйелері мен ангарлардағы авиациялық техникаға зақым келгені айтылады.
Сонымен қатар, БАӘ аумағындағы Әл-Минхад авиабазасына да зымырандар мен дрондар бағытталған. Иран әскери қолбасшылығы мұнда америкалық әскерилер орналасқан орындар мен радиолокациялық жүйелердің нысанаға алынғанын жеткізді.
Кувейт билігі Иранның зымыран және дрон шабуылдарына қарсы әуе қорғанысы жүйелерінің іске қосылғанын растады. Елдің Сыртқы істер министрлігі бұл шабуылды Кувейт егемендігін өрескел бұзу деп бағалады.
Аймақтағы жағдай АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыстың қайта күшеюі аясында шиеленісіп отыр. Соңғы күндері Иран АҚШ-тың Таяу Шығыстағы бірнеше әскери нысанына соққы жасағанын мәлімдеген болатын.




