Хайп үшін заң бұзғандар: әлеуметтік желідегі әрекеттердің құқықтық салдары
Әлеуметтік желідегі хайп үшін заң бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуда.
Әлеуметтік желілер бүгінде тек ақпарат алаңы емес, жеке бренд құруға, аудитория жинауға және табыс табуға мүмкіндік беретін кеңістікке айналды. Алайда танымалдыққа ұмтылу кейбір пайдаланушыларды құқықтық және моральдық шектен шығуға итермелейді.
«Көп қаралым – көп табыс», «көп лайк – көп танымалдық» деген ұғым кейбір қолданушыларды әдейі арандатушылыққа, әдепсіз әрекеттерге, тіпті қоғамдық тәртіпті бұзуға алып келеді. Мұндай жағдайда виртуалды әрекеттер нақты жауапкершілікке ұласуы мүмкін.
Ішкі істер органдары әлеуметтік желілердегі заңсыз контентті анықтап, мониторинг жүргізіп отыр. Соңғы уақытта тікелей эфирде қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылған жағдайлар көбейді.
Абай облысында полиция TikTok-тағы тікелей эфирде балағат сөздер айтып, әдепсіздік танытқан әйелді анықтады. Эфир барысында ол есірткі қолданатынын да мәлімдеген. 26 жастағы Азиза Қоқанова Түркістан облысының тумасы, Семейде уақытша тұрған. Медициналық куәландыру оның ішімдікке масаң күйде болғанын көрсетті. Сот шешімімен ол ұсақ бұзақылық үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Бұл жағдай әлеуметтік желідегі тікелей эфирдің де заңнан тыс кеңістік емес екенін көрсетеді. Экран артында жасалған әрекеттің құқықтық салдары нақты. Мұндай фактілер өзге өңірлерде де тіркелуде.
Астанада 37 жастағы Индира Ештаева тікелей эфирде балағат сөздер айтып, заңға қайшы контент таратқан. Ол ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алматыда 32 жастағы Ақтөре Батырбек эфирде балағат сөздер айтып, айналасындағыларды балағаттағаны үшін 5 тәулікке қамалды. Шымкентте 20 жастағы Данияр Сейдалиев аудитория тарту үшін эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін ұйымдастырған. Ол 8 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жамбыл облысында 41 жастағы Лайло Қасымова бірнеше рет эфирге шығып, балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқаны үшін айыппұл салынды. Сол облыста 19 жастағы Байбек Жарқынай мен Асылжан Таңайбергенов донат жинау үшін бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, хайп контент жасаған. Екеуі де жауапкершілікке тартылды.
Ақтөбе облысында Санат Нұртаев TikTok пен Instagram-да бейәдеп сөздер қолданғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Түркістан облысында 39 жастағы Баян Шанкеева эфирде агрессивті мінез көрсетіп, былапыт сөздер айтқаны үшін сот шешімімен жазаланды. Павлодарда 26 жастағы Аслан Амантаев көлік жүргізіп келе жатып эфирде былапыт сөздер айтып, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Ол 20 тәулікке қамалды. Талдықорғанда 44 жастағы Гүлмира Касенова эфирде әдеп нормаларын бұзғаны үшін айыппұл салынды, бұған дейін де осындай құқықбұзушылыққа тартылған.
Бұл оқиғалардың барлығында ортақ нәрсе – аудитория назарын аударуға ұмтылыс. Кейбір пайдаланушылар үшін лайк, қаралым, жазылушы саны мен донат көлемі басты көрсеткішке айналған. Олар контент сапасына емес, оның «шулылығына» мән береді. Біреулер балағат сөзбен көрермен жинайды, екіншілері жанжал шығарады, үшіншілері қауіпті пранк ұйымдастырады, төртіншілері өз өміріне қауіп төндіретін әрекетті камераға түсіріп, «қызық контент» ретінде ұсынады.
Бірақ хайптың артында адам тағдыры, қоғамдық қауіпсіздік және жауапкершілік тұр. Мұндай контентті балалар мен жасөспірімдер де көреді. Экраннан көрген әрекет олардың санасында қалыпты мінез-құлық үлгісі ретінде қабылдануы мүмкін. Осылайша, бір адамның әрекеті көпшілікке әсер ететін әлеуметтік құбылысқа айналады. Бұл – қоғамның ақпараттық және моральдық мәдениетіне қатысты мәселе.
Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин хайп үшін заң бұзғандарды ашық жауапкершілікке тарту өзгелерге сабақ болып, қоғамда жаңа этика қалыптастыруға ықпал ететінін атап өткен. Қоғамдық мәдениет көшеде ғана емес, әлеуметтік желідегі әрекеттен де көрінеді. Адамның интернетте жазған сөзі, жариялаған видеосы, эфирдегі мінез-құлқы – оның мәдениетінің бір бөлігі. Сондықтан әлеуметтік желідегі еркіндік жауапкершілікпен қатар жүруі керек.
«Бұл – интернет, мұнда бәріне болады» деген түсінік қате. Интернет – заңсыздыққа жол беретін кеңістік емес. Виртуалды ортадағы әрекеттің де нақты құқықтық салдары бар. Полицияның мониторингі сөз бостандығын шектеуді мақсат етпейді, керісінше заң талаптарының интернетте сақталуын қамтамасыз етуге, азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
Бірнеше минуттық танымалдық үшін абыройға нұқсан келтірудің, заң бұзудың, өзгеге зиян келтірудің қажеті жоқ. Әлеуметтік желідегі кез келген әрекеттің аудиториясы бар, ал аудиториясы бар жерде жауапкершілік те бар. Бүгін әзіл немесе пранк ретінде қабылданған әрекет ертең әкімшілік жауапкершілікке, қоғам алдындағы сынға немесе беделге нұқсан келтіретін жағдайға айналуы мүмкін. Қоғамға заңды білетін ғана емес, заңды құрметтейтін азаматтар қажет. Хайп уақытша, ал жауапкершілік – нақты. Сондықтан лайк үшін заңды, донат үшін әдепті, бірнеше минуттық танымалдық үшін адамдық ұстанымды құрбан етпеген жөн. Заң мен тәртіп – баршаға ортақ, ал экран артындағы әрекет те сол заң мен тәртіптен тыс қалмайды.



