Финляндияда ірі азаматтық қорғаныс жаттығуы өтіп жатыр
Финляндияда Еуропадағы ең ірі азаматтық қорғаныс жаттығуы өтіп жатыр.
Финляндияда Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі Еуропадағы ең ірі азаматтық қорғаныс жаттығуы басталды. Оған еріктілер мен студенттер қатарынан 2 мыңнан астам адам қатысуда.
Шара елдің орталық бөлігіндегі Куопио қаласында ұйымдастырылған. Сценарий бойынша кибершабуыл салдарынан қаланың электр және сумен жабдықтау сияқты маңызды инфрақұрылымы істен шығып, Ресей тарапынан зымыран соққысы қаупі туындайды. Жергілікті билік пен тұрғындар осындай жағдайда қалай әрекет ету керектігін пысықтауда.
Жаттығу барысында қорғаныс паналарын төтенше жағдайға дайындау да қарастырылған. Куопиодағы ең үлкен жерасты панасына 7 мыңға дейін адам сыяды. Әскерге шақырылғандар радиация деңгейін өлшеу және пананы тұрғындарды қабылдауға дайындау жұмыстарын орындауда.
Финляндия энергетикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігіне ерекше мән беріп отыр. Savon Voima компаниясының бас директоры Юха Расяненнің айтуынша, Украинадағы соғыс басталғаннан кейін компания желілеріне жасалатын кибершабуылдар айтарлықтай көбейген. Сондай-ақ электр желілерінің үстінен дрондар байқалған, алайда олардың кімге тиесілі екені анықталмаған.
Мамандар төтенше жағдайда тұрғындар сырттан көмек алмай, кемінде 72 сағат өздігінен әрекет етуге дайын болуы қажет екенін атап өтті. Бұл электр қуатының өшуі немесе ауызсудың жарамсыз болып қалуы секілді жағдайларға қатысты.
Финляндияның Ресеймен ортақ шекарасы 1300 шақырымнан асады. Ел 2024 жылы Швециямен бірге НАТО-ға қосылды.




