Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
21 қазан 2026, сәрсенбі USD 450,7 EUR 505,0 RUB 5,45 CNY 67,5 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

ЕҰУ мен «Отбасы банк» оқытушыларға баспана алуға 200 млн теңге бөлді

ЕҰУ мен «Отбасы банк» 30 жылдыққа орай 200 млн теңгелік корпоративтік тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Қызметкерлер 6 млн теңгеге дейін қарыз ала алады.

ЕҰУ мен «Отбасы банк» оқытушыларға баспана алуға 200 млн теңге бөлді
Сурет: aikyn.kz

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығына орай «Отбасы банкпен» бірлесіп корпоративтік тұрғын үй бағдарламасын іске қоспақ. Жобаға 200 миллион теңге қарастырылған.

Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас ғалымдарды қолдау және олардың ғылыммен алаңсыз айналысуына жағдай жасау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Ол университет қызметкерлерінің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, баспана мәселесін шешуге мүмкіндік бермек.

Бағдарлама шарты бойынша ЕҰУ қызметкерлері үш жыл мерзімге 6 миллион теңгеге дейін қарыз ала алады. Тұрғын үй сатып алу үшін баспана құнының 50 пайызына дейінгі соманы жинақтау қажет. Бұл ретте «Отбасы банктегі» депозитте қаражатты кемінде алты ай сақтау талабы қолданылмайды. Қатысушылар Астанадан бастапқы және қайталама нарықтағы пәтерлерді сатып ала алады. Жоба аясында 30-дан астам қызметкерге қолдау көрсету жоспарланған.

Сурет: aikyn.kz

Университетте 2014 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Инклюзивті қолдау орталығының жетекшісі-супервизоры Ерхан Ордабай мұндай бастамалар мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, кәсіби дамуына да оң ықпал ететінін айтады.

«Жалпы, білім мен ғылым саласында еңбек ететін мамандарға мұндай қолдаудың маңызы зор. Тұрғын үйге қатысты алаңдаушылығы азайған адам өз жұмысына, ізденісіне және кәсіби дамуына көбірек көңіл бөле алады. Сондықтан университет пен «Отбасы банктің» бірлескен жобасын құптарлық бастама деп санаймын. Мұндай қолдауды тек жекелеген қызметкерлерге берілетін көмек ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – адам капиталына, білім мен ғылымға, жалпы мемлекеттің болашағына салынған инвестиция», – дейді Ерхан Қайыржанұлы.

Осылайша, ЕҰУ-дың тұрғын үй бағдарламасы қызметкерлердің тұрмыс сапасын арттырумен қатар, жоғары оқу орнындағы адами капиталды сақтауға және дамытуға бағытталған әлеуметтік бастама болмақ.