Есірткі қылмысына қарсы күрес: 7 айда 4,5 мың құқықбұзушылық анықталды
ІІМ есірткі қылмысына қарсы күрес нәтижелерін жариялады: 7 айда 4,5 мың құқықбұзушылық, 865 келі есірткі тәркіленді.
Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есірткі қылмысына қарсы күрес пен алдын алу жұмыстарын жалғастыруда.
Биылғы жылдың алғашқы жеті айында елімізде 4,5 мың есірткі құқықбұзушылығы тіркелді. Заңсыз айналымға қарсы жүргізілген шаралар нәтижесінде синтетикалық есірткі өндіретін 17 жасырын цехтың жұмысы тоқтатылды. Сондай-ақ 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне жол берілмей, оларға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар қатарында 9 ұйымдастырушы мен 41 қатысушы бар.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл барысында заңсыз айналымнан 865 келі есірткі заты тәркіленді. Бұл миллиондаған доза есірткінің таралуына жол берілмегенін көрсетеді.
Жасөспірімдерді есірткі ортасына тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері 55 кәмелетке толмаған ұсталды, оның 32-сі есірткі өткізуге қатысы бар.
Профилактикалық жұмыс аясында уәкілетті органдар 2 миллионнан астам жас пен жасөспірімді қамтыған 14 мыңнан астам іс-шара өткізді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде есірткіге қарсы тақырыпта 24 мыңға жуық жарияланым жарық көрді.
Есірткі бизнесінің қаржылық негізін жою үшін 258 млн теңге көлеміндегі қаражатқа қатысты 10 мың банк картасы мен шот бұғатталды. Сонымен қатар есірткі саудасының көлеңкелі қаржы схемаларына қатысы бар 215 мың шетелдік карта-шоттың транзакцияларына шектеу қойылды.
Интернет кеңістігінде де заңсыз есірткі айналымына қарсы жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде 8,5 мыңға жуық есірткі тарататын сайт бұғатталды. Мемлекеттің есірткіге қарсы саясаты қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың денсаулығын қорғауға және есірткінің таралуына жол бермеуге бағытталған. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.




