Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Ерлан Қарин: өңірлік I-Komek орталықтарының тиімділігін арттыру қажет

Ерлан Қарин өңірлік I-Komek орталықтарының тиімділігін арттыру қажеттігін айтып, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

Ерлан Қарин: өңірлік I-Komek орталықтарының тиімділігін арттыру қажет
Сурет: baq.kz

Мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы кері байланыс жүйесін жетілдіру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Президент Әкімшілігінің, стратегиялық зерттеулер институтының, Бас прокуратураның, бірнеше министрліктің өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық салада цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдары қарқынды енгізіліп жатқанын атап өткен Ерлан Қарин Президенттің елді ауқымды цифрландыру жөніндегі бастамасы мемлекеттік органдар жұмысының халықпен тиімді кері байланыс орнату секілді маңызды бағытын да қамтитынын жеткізді.

Вице-президенттің айтуынша, мемлекет халықпен кері байланыс орнатудың ауқымды әрі функционалды инфрақұрылымын қалыптастырған. Жыл сайын республика бойынша ХҚКО арқылы 30 миллионнан астам қызмет көрсетілсе, мемлекеттік байланыс орталықтары 21 миллионнан астам қоңырау қабылдайды.

Алайда жүргізілген талдау өңірлік I-Komek байланыс орталықтарының жұмысында аймақтар арасында айтарлықтай алшақтық бар екенін көрсеткен. 2025 жылы азаматтардан түскен 4 миллион қоңыраудың жартысынан астамы елордаға тиесілі болған. Өңірлік орталықтардағы жұмыс тиімділігінің төмендігі азаматтарды мәселелерін республикалық «e-Otinish» платформасы арқылы шешуге мәжбүрлейді, бұл ақпараттың жергілікті атқарушы органдарға кешігіп түсуіне әкеліп, халықты алаңдатқан мәселелерді шешу уақытына кері әсерін тигізеді.

«Сондықтан, ең алдымен, елордалық I-Komek орталығының оң тәжірибесін өзге өңірлерге кеңінен таратып, олардың күнделікті мәселелерді шешу бағытындағы жұмысының тиімділігін арттыру қажет», — деді Ерлан Қарин.

Кеңес барысында мемлекеттік органдар өкілдері фронт-офистердің, оның ішінде «E-Otinish» платформасының, «111» байланыс орталығының, ХҚКО-лар мен азаматтарды қабылдау орталықтарының қызметі туралы ақпарат берді.

«Соңғы уақытта мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жаңа технологияларды мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу бағытындағы жұмысы едәуір күшейді. Бүгінде мемлекеттік органдардың фронт-офисін бірыңғай платформаға біріктіру, сондай-ақ жасанды интеллектіге негізделген заманауи құралдарды енгізу басты міндеттердің біріне айналып отыр. Бұл азаматтардың өтініштерін қарау тиімділігін арттырып, Президент бастамалары мен азаматтарымыздың өтініштерін жеделірек шешуге мүмкіндік береді», — деді Ерлан Қарин.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-президент мемлекеттік органдар жұмысының проактивті форматта жүргізілуін қамтамасыз ету және халықпен кері байланыс арналарының жұмысын жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар берді.