Еркебұлан Тоқтар Өзбекстан боксшысын нокаутпен жеңді
Еркебұлан Тоқтар Астанадағы IBA Nomad лигасы турнирінде өзбекстандық Бобиржон Исроиловты нокаутпен жеңді. Жекпе-жек екінші раундта аяқталды.
Астанада өткен IBA Nomad лигасының International Boxing Day турнирінде қазақстандық боксшы Еркебұлан Тоқтар кәсіпқой рингте кезекті жеңіске жетті. Ол бүгін, 28 тамызда, өзбекстандық Бобиржон Исроиловпен жекпе-жек өткізді.
Екінші орта салмақтағы бұл кездесу алғашқы раундтан-ақ шиеленісті өтті. Боксшылар бір-бірін нокдаунға жіберді: Исроилов екі рет, ал Тоқтар бір рет еденге құлады.
Екінші раундта Еркебұлан бастаманы толық қолға алды. Ол қарсыласын тағы екі рет нокдаунға түсіріп, шабуылын жалғастырды. Ауыр соққылардан кейін өзбекстандық боксшы жекпе-жекті жалғастыра алмай, төреші кездесуді тоқтатты. Нәтижесінде Тоқтар нокаутпен жеңіске жетті.
Осылайша, екі раунд ішінде Исроилов жалпы төрт рет нокдаунға түсті. Ал Тоқтардың бұған дейінгі кәсіпқой жекпе-жегі 2025 жылдың желтоқсанында өткен еді. Сол кезде ол Тимур Никулинді бірінші раундта нокаутқа жіберген болатын.




