Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
11 қазан 2026, жексенбі USD 453,9 EUR 508,7 RUB 5,35 CNY 67,8 Астана +4° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Эр-Рияд әуежайына шабуыл: жаралылар бар, рейстер тоқтатылды

Эр-Риядтағы Король Халид халықаралық әуежайына шабуыл жасалып, бірнеше адам жарақат алды. Әуежай жұмысы тоқтатылып, рейстер басқа әуежайларға бағытталды.

Эр-Рияд әуежайына шабуыл: жаралылар бар, рейстер тоқтатылды
Сурет: baq.kz

Сауд Арабиясы астанасы Эр-Риядтағы Король Халид халықаралық әуежайына жасалған шабуыл салдарынан бірнеше адам жарақат алды. Оқиғаға байланысты әуежай жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы елдің Азаматтық авиация басқармасы мәлімдеді.

Куәгерлердің айтуынша, әуежай аумағында жарылыс болған, одан кейін бірнеше адам жараланған күйде жерде жатқанын көрген. Оқиға орнына оннан астам жедел жәрдем көлігі келген. Жараланған жолаушылардың бірі әуежай маңында әуеде бір заттың ұшып өткенін, кейін ұшу қақпаларының біріне жақын жердегі төбенің бір бөлігі опырылғанын айтқан.

Әзірге шабуыл үшін жауапкершілікті ешбір тарап мойнына алған жоқ. Алайда оқиға Сауд Арабиясына Иран қолдайтын Йемендегі хуситтердің зымырандық шабуылдары күшейген тұста болды. Reuters мәліметінше, осы аптада әуежайға жасалған екі шабуылдан төрт адам қаза тапқан.

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Сауд Арабиясына хуситтерге қарсы соққылар жасауға қосылуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, АҚШ бұл мәселені қарастырып, шешімді жедел қабылдайды.

АҚШ-тың Эр-Риядтағы елшілігі азаматтарына әуежай мен оның маңындағы аумақтан аулақ болуға кеңес берді. Ұлыбритания, Ирландия және Канада елшіліктері де әуежайдағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.

Flightradar24 деректеріне сәйкес, Эр-Риядқа бағытталған рейстердің барлығы дерлік тоқтатылған немесе басқа әуежайларға бағытталған. Kuwait Airways компаниясы қауіпсіздік жағдайына байланысты Сауд Арабиясының астанасына қатынайтын рейстерін тоқтатқанын хабарлады. Etihad Airways пен Qatar Airways те Эр-Риядқа қатынайтын бірқатар рейсін тоқтатты.

Соған қарамастан, Эр-Риядта өтуі жоспарланған ірі энергетикалық және инвестициялық конференциялардың ұйымдастырушылары іс-шаралар белгіленген кесте бойынша өтетінін мәлімдеді.