Елорда маңындағы 24 мың тұрғын мерзімінен бұрын газға қосылды
Астана маңындағы 24 мыңнан астам тұрғын мерзімінен бұрын табиғи газға қосылды. Қаражар мен Қараөткел ауылдарында 240 шақырым газ желісі тартылды.
Астанаға жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары жоспарланған мерзімнен бұрын көгілдір отынды пайдалана бастады. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2028 жылға дейін жалғасуы тиіс еді, алайда инфрақұрылым толық дайын болып, 24 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізді.
Жоба барысында шамамен 240 шақырым жаңа газ құбыры тартылды. Целиноград ауданындағы Қаражар ауылы табиғи газбен толық қамтылған жетінші елді мекен болса, Қараөткел сегізінші болды. Екі нысанның бір мезгілде іске қосылуы олардың бірыңғай магистральдық желі бойында орналасуының арқасында мүмкін болды.
Қаражарда 53 шақырымға жуық газ желісі салынып, бес мыңға жуық тұрғын көгілдір отынға қосылды. Ал Қараөткелде жаңа желілердің ұзындығы 185 шақырымды құрады. Ауылда 4 мыңнан астам отбасы тұрады, қазіргі уақытта 1,5 мыңға жуық абонент газ жүйесіне қосылған. Газдандыру бес іске қосу кешені бойынша кезең-кезеңімен жүргізілді, оның алғашқы екеуі өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға берілсе, қалған үшеуі биыл аяқталды.
Целиноград ауданында газдандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл Қызылсуат ауылында тиісті жоба жүзеге асырылып жатыр, ол аяқталған соң 3 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.
Сонымен қатар Ақмол, Қабанбай батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл және Қажымұқан ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жобаларды іске асыру 2027 жылға жоспарланған, нәтижесінде 30 мыңнан астам тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілмек.




