Елена Рыбакина WTA рейтингінде тұңғыш рет әлемдік көшбасшы атанды
Елена Рыбакина WTA рейтингінде алғаш рет әлемдік көшбасшы атанды. Бұл Қазақстан тарихындағы тұңғыш жетістік. Толығырақ оқыңыз.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мансабында алғаш рет Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде бірінші орынға ие болды. Бұл жетістік оның US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шығуының арқасында мүмкін болды.
WTA-ның тірі рейтингінде Рыбакина Беларусь өкілі Арина Соболенкодан озып, жаңа көшбасшы атанды. Рейтингтің ресми жаңартылған нұсқасы дүйсенбі, 14 қыркүйекте жарияланады.
Осылайша, Елена жекелей сында әлемдік рейтингті басқарған Қазақстанның тұңғыш өкілі атанды. Бұған дейін еліміздің бірде-бір спортшысы әйелдер арасында да, ерлер арасында да – жекелей сында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілмеген.
WTA рейтингіндегі бірінші орын – Еленаның мансабындағы кезекті маңызды жетістік. Бүгінде оның еншісінде жекелей сында 13 WTA титулы бар. Рыбакина – «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін чемпионы. 2022 жылы ол осы санатта Уимблдонда алғашқы титулын алып жеңіске жетсе, 2026 жылы қазақстандық теннисші Australian Open турнирінің чемпионы атанды.
Теннис федерациясы мәліметінше, Рыбакинаның мансабындағы тағы бір маңызды белес – 2025 жылы Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турниріндегі жеңісі. Елена жарыста бес матчтың барлығында жеңіске жетіп, финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңді.
Қазақстандық теннисшінің еншісінде WTA 1000 санатындағы екі титул бар. Оның екеуін де 2023 жылы Индиан-Уэллс пен Римде жеңіп алды. Сонымен қатар Рыбакина WTA 500 санатындағы турнирлерде алты рет чемпион атанса, WTA 250 жарыстарында екі мәрте топ жарды.
Елена кәсіби турдағы алғашқы титулын 2019 жылы Бухарестте жеңіп алған. Содан бері ол «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі дүркін чемпионы, WTA қорытынды турнирінің жеңімпазы және әлемнің бірінші ракеткасы дәрежесіне дейін көтерілді.




