Рыбакина Торонтодағы WTA 1000 турнирінде ширек финалға өтті
Елена Рыбакина Торонтодағы WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты. Ол Самсонованы 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Торонтода өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің ширек финалына жолдама алды. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
1/8 финалда ол әлемдік рейтингте 55-орында тұрған ресейлік Людмила Самсоновамен кездесті. Үш сетке созылған матч 6:4, 4:6, 6:4 есебімен аяқталды.
Кездесу 2 сағат 55 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Рыбакина 11 эйс жасап, алты рет қос қателік жіберді. Сондай-ақ ол жеті брейк-пойнтты сәтті жүзеге асырды.
Ширек финалда қазақстандық теннисшінің қарсыласы канадалық Лейла Фернандес пен жапондық Наоми Осака арасындағы матчтың жеңімпазы болады.




