Электр энергиясының шекті тарифтері қайта қаралуда
Энергетика министрлігі электр энергиясының шекті тарифтерін өзгертуді көздейтін құжат жобасын әзірледі.
Құжатқа сәйкес, елді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету және энергия өндіруші қуаттарды кезең-кезеңімен жаңғырту мақсатында 60 энергия өндіруші ұйымның шекті тарифтері қайта қаралған.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл шешім жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге, жабдықтарды жаңартуға және олардың сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған ұзақмерзімді бағдарламаларды жүзеге асыруға қажетті қаржылық жағдай жасайды.
Түзетілген тарифтерді 2026 жылғы 10 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізу жоспарлануда.
Құжат «Ашық НҚА» порталында 6 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.




