Экономист Айбар Олжаев: Құрылтай құрамындағы мамандардың пікірі заң сапасын арттырады
Экономист Айбар Олжаев Құрылтай құрамындағы мамандардың пікірін заң шығаруда ескеру қажеттігін айтып, бірпалаталы Парламент жағдайында кәсіби сараптаманың…
Мемлекеттік деңгейде дамытуды қажет ететін салалардың ауқымы кең. Экономика, әлеуметтік бағыт, тау-кен өндірісі, өнеркәсіп, бизнес және ауыл шаруашылығы — әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен мәселелері бар. Осы салаларға қатысты заң немесе заңнамалық акт қабылданар кезде, оның нақты өмірде қалай жұмыс істейтінін түсінетін, ішкі жағдайды білетін мамандардың пікірі ескерілуі тиіс. Қағаз жүзінде тиімді көрінген заңның өндірісте, бизнесте немесе ауыл шаруашылығында қалай іске асатынын сол салада жүрген адам ғана дәл айта алады. Осы тұрғыдан Құрылтай құрамында тәжірибелі мамандардың болуы маңызды.
Қазіргі Құрылтай құрамын кәсіби деп бағалаймын. Әр саладан кемінде екі-үш маман бар. Олар бір-екі жыл ғана жұмыс істеп жүрген адамдар емес. Көбі — өз саласының қыр-сырын жақсы білетін, ұзақ жылдар бойы тәжірибе жинаған, бірнеше бағытта еңбек еткен мамандар. Олар тек сала мәселелерін ғана емес, заңнамалық актілердің қалай жасалатынын, оған қойылатын талаптарды да түсінеді. Мұндай адамдардың пікірін заң шығару процесінде пайдалану ел үшін өте пайдалы.
Кез келген істің, реформаның немесе мемлекеттік бастаманың негізінде заңнамалық база тұруы керек. Заң болмаса, сол бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу қиын. Жақсы идеяның өзі нақты заңмен бекітілмесе, оның жүзеге асу мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан ел дамуына қажетті ережелерді қалыптастыратын заңдардың сапасы өте маңызды. Бұл жерде Парламенттің бірпалаталы жүйеге көшуіне байланысты жауапкершілік мәселесін де ескеру қажет. Бұған дейін екі палаталы Парламент болғанда, заң жобасы Мәжілістен кейін Сенатта қаралып, қосымша талқылаудан өтетін. Егер бір жерде кемшілік кетсе, екінші палатада оған қайта назар аударуға мүмкіндік болатын. Ал бірпалаталы Парламент жағдайында мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан заң шығарушы органның жауапкершілігі арта түседі. Заң жобаларын қарау кезінде кәсіби сараптамаға, салалық мамандардың тәжірибесі мен нақты ұсыныстарына сүйенудің маңызы осында.
Құрылтай осы тұрғыдан өте маңызды институт бола алады. Жалпы, елдегі кез келген өзгерістің артында нақты заң, нақты ереже және оны жүзеге асыратын механизм тұруға тиіс. Заң шығарушы орган қажетті құқықтық базаны қалыптастырады, Үкімет оны іске асырады, ал сот жүйесі құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді. Осы институттардың барлығы өз міндетін сапалы атқарып, бір-бірімен үйлесімді жұмыс істеген кезде ғана мемлекеттің тұрақты дамуына қажетті жағдай жасалады.


