Екібастұзда полиция бөлімінде жеткізілген ер адам қайтыс болды
Павлодар облысының Екібастұз қаласында полиция бөліміне жеткізілген 37 жастағы ер адам қайтыс болды. Бұл туралы Aikyn.kz сайты хабарлады.
Оқиға 11 тамызда Солнечный кентінде болды. Полицияға аулада мас күйдегі ер адам қоғамдық тәртіпті бұзып, әйелді күш қолданатынын айтып қорқытқаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ер адамды ұстап, полиция бөліміне жеткізген. Павлодар облысының Полиция департаменті оның бұған дейін сотталғанын және бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
Ер адам полиция бөліміндегі арнайы бөлмеге орналастырылған. Біраз уақыттан кейін ол сол жерден ес-түссіз күйде табылған. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, ер адам қайтыс болды.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, ер адам бөлімге жеткізілгеннен шамамен жарты сағат өткен соң кезекші оның анасына хабарласып, полиция бөліміне келуін сұраған. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде ес-түссіз жатқан ер адамның видеосы тарады.
Полиция оқиғаға қатысты бейнебақылау камераларындағы жазбалардың тәркіленгенін хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.




