Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +5° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

Димаш Құдайбергеннің «Шексіз музыка» кітабы Мексикаға жеткізілді

Димаш Құдайбергеннің «Шексіз музыка» кітабының 60 данасы Алматыдан Мексикаға жеткізіліп, Елшілікте мексикалық Dears өкілдеріне табысталды.

Димаш Құдайбергеннің «Шексіз музыка» кітабы Мексикаға жеткізілді
Сурет: aikyn.kz

Алматы қаласынан Мексикаға Димаш Құдайбергеннің жергілікті жанкүйерлер қауымдастығына «Шексіз музыка» («Бесконечная музыка») кітабының 60 данасы жеткізілді. Бұл туралы dimashnews.com хабарлады.

29 тамызда кітаптар Мексикадағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде мексикалық Dears өкілдеріне ресми түрде табысталды. Рәсімге Қазақстанның Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков, дипломатиялық өкілдік қызметкерлері, Елшілік кеңесшісі Ерлан Құбашев, сондай-ақ мексикалық Dears қауымдастығының өкілдері қатысты.

Елші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына шынайы қолдау көрсетіп, Қазақстанға қызығушылық танытып келе жатқан жанкүйерлерге алғысын білдірді. Кітаптарды табыстау рәсімі Димаштың Мексикада өтетін концерттерінің қарсаңында ұйымдастырылды.

Сурет: aikyn.kz

Қараша айында өнер иесі Мехико, Мерида, Монтеррей және Гвадалахара қалаларында төрт концерт өткізеді. Аталған концерттерге Латын Америкасының өзге де елдерінен жанкүйерлердің келуі жоспарланған.

Концерттер қарсаңында Қазақстанның Мексикадағы Елшілігі жергілікті аудиторияны Қазақстанмен таныстыруға бағытталған мәдени бастамаларды одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Димаштың концерттері өтетін төрт қалада Қазақстанға арналған фотокөрмелер ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл бастамаға жергілікті Димаш жанкүйерлері де қолдау білдіріп отыр.

Кездесу барысында Алмұрат Тұрғанбеков қатысушыларға Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан өзгерістер мен жаңғыру үдерістері туралы да ақпарат беріп, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Елшінің айтуынша, мәдени ынтымақтастық Қазақстан мен Мексика халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуда айтарлықтай әлеуетке ие. Осы тұрғыдан алғанда, Димаштың халықаралық деңгейдегі танымалдығы шетелдік аудиторияны Қазақстанмен, оның мәдениетімен және қазіргі даму үдерістерімен таныстырудың маңызды мүмкіндіктерінің біріне айналып отыр.