Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
10 қазан 2026, сенбі USD 453,9 EUR 508,7 RUB 5,35 CNY 67,8 Астана +9° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

ДДСҰ: 2023 жылы әр жетінші адам психикалық бұзылыспен өмір сүрген

ДДСҰ 10 қазан – Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай 2023 жылы әлемде әр жетінші адамда психикалық бұзылыс болғанын хабарлады.

ДДСҰ: 2023 жылы әр жетінші адам психикалық бұзылыспен өмір сүрген
Сурет: aikyn.kz

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 10 қазан – Дүниежүзілік психикалық денсаулық күніне орай осы мәселеге назар аударды. Ұйымның 2026 жылғы қыркүйекте жарияланған мәліметіне сәйкес, 2023 жылы әлемде әр жетінші адамда психикалық бұзылыс болған.

Ең көп таралғандары – мазасыздық пен депрессия. Атап айтқанда, 470 миллион адам мазасыздық бұзылысына шалдыққан, олардың 146 миллионы – балалар мен жасөспірімдер. Ал депрессиямен өмір сүретіндер саны 322 миллионға жеткен, оның 43 миллионы – кәмелетке толмағандар.

ДДСҰ мәліметінше, психикалық денсаулық мәселесі бар адамдардың көпшілігі тиімді ем ала алмайды. Мәселен, мазасыздық бұзылысы бар әр төрт адамның шамамен біреуі ғана ем қабылдайды. Бұған мамандардың жетіспеуі, медициналық көмектің қолжетімсіздігі және қоғамдағы теріс көзқарас әсер етеді.

Биыл Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні «Шынайы тәжірибе, шынайы дауыс, нақты өзгеріс» тақырыбымен өтіп жатыр. Ұйым психикалық қиындықтарды бастан өткерген адамдардың пікірін ескеруге шақырды. ДДСҰ мұндай азаматтар өздеріне қандай көмек қажет екенін жақсы білетінін, сондықтан денсаулық сақтау саласындағы шешімдерді қабылдауға қатысуы керектігін атап өтті.

Ұйымның зерттеуіне сәйкес, психикалық денсаулық сақтау жүйесін ауруханадан тыс, адамның күнделікті өміріне жақын қызмет көрсету үлгісіне толық көшірген елдердің үлесі небәрі 9 пайыз. Ал есепке алынған психиатриялық ауруханаға жатқызу жағдайларының 49 пайызы пациенттің еркінен тыс жүзеге асқан. Ауруханада емделу жағдайларының 23 пайызында адамдар бір жылдан астам уақыт жатқан.

Осыған байланысты ДДСҰ 9 қазанда психиатриялық ауруханалардағы ұзақ мерзімді емдеуден адамның өз ортасында көмек алуына біртіндеп көшу жөнінде жаңа нұсқаулық жариялады. Ұйым мұндай өзгеріс адамдардың отбасымен байланысын сақтап, қоғам өміріне араласуына мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Мамандар депрессия мен мазасыздықты уақытша көңіл күйдің өзгеруімен шатастырмау керектігін ескертеді. Мәселен, адамның бұрын ұнатқан істеріне қызығушылығы жоғалып, көңіл күйі кемінде екі апта бойы төмен болса, бұл депрессияның белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігерге жүгінген жөн.