Цифрлық министрлік eGov деректерінің таралуына қатысты тексеріс жүргізіп жатыр
Цифрлық даму министрлігі даркнетте eGov дерекқорының таралуына қатысты ақпаратты техникалық тексеруден өткізіп жатыр. Бұл туралы министрлік мәлімдеді.
Ведомствоның айтуынша, қазіргі уақытта бейінді қызметтермен бірлесіп, жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізілуде. Оның ішінде ұсынылған деректер үлгілерін талдау және олардың ықтимал шығу көзін анықтау жұмыстары да қамтылған.
Министрлік электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейді.
Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды.
Техникалық тексеру жалғасуда. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі. Министрлік азаматтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі талаптарын сақтауды ұсынады: SMS-кодтарды, парольдер мен ЭЦҚ деректерін үшінші тұлғаларға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және әртүрлі сервистер үшін түрлі парольдерді пайдалану.



