Негізгі мазмұнға өту
Шұғыл
9 қазан 2026, жұма USD 448,9 EUR 502,1 RUB 5,26 CNY 67,0 Астана +6° ҚАЗ РУС Іздеу
Ақпараттық портал
Жарнама

БҰҰДБ: Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты

БҰҰДБ өкілі Катаржина Вавьерниа Қазақстанның дамуының келесі кезеңі туралы пікірін білдіріп, адами капитал, цифрландыру және тұрақты даму бағыттарын атап…

БҰҰДБ: Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты
Сурет: baq.kz

Астанада өтіп жатқан National Think Tank Forum «Болашақ проекциясы: нәтижелерді пайымдаудан жаңа күн тәртібіне» форумында БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа елдің дамуының келесі кезеңі туралы пікірін білдірді. Ол Қазақстанның жаңа Конституциясы адами капиталды, инновацияны, білімді және табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалануды ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілік пен тұрақты дамудың негізіне айналдырғанын атап өтті.

Вавьернианың айтуынша, бұл тәсіл БҰҰДБ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен үндеседі. Ол Қазақстанның адами даму көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартқанын, 1990 жылдан бері Адами даму индексі 21%-дан астам өскенін және елдің адами даму деңгейі өте жоғары мемлекеттер қатарына енгенін жеткізді.

Экономикадағы оң динамикаға тоқталған өкіл соңғы бес жылда ЖІӨ 55%-дан астам, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 45%-ға өскенін айтты. Ол Қазақстан қазір дамудың келесі кезеңіне өтіп жатқанын, бұл кезеңде басты назар сапаға, өнімділікке және ұзақ мерзімді тұрақтылыққа аударылатынын атап өтті.

Әлеуметтік саладағы өзгерістерге тоқталған Вавьерниа Қазақстанда аса кедейлік іс жүзінде жойылғанын, өмір сүру ұзақтығы бес жылдан астамға ұлғайып, шамамен 76 жасқа жеткенін, ана мен бала өлімі көрсеткіштері төмендеп келе жатқанын айтты. Ол адамдардың ұзақ өмір сүруі денсаулық сақтау сапасына, профилактикаға, салауатты қартаюға және тұрақты әлеуметтік қорғау жүйесіне көбірек назар аударуды талап ететінін жеткізді.

Білім мен дағды мәселесінде БҰҰДБ өкілі Қазақстанда біліммен қамту деңгейі жоғары болғанымен, азаматтардың нақты қандай білім мен дағды алатыны маңызды екенін атап өтті. Ол цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуірінде білім, дағды, инновация және жұмыспен қамту біртұтас даму тізбегі ретінде қарастырылуы тиіс деп санайды.

Қазақстанның цифрлық дамуын жоғары бағалаған Вавьерниа елдің электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша әлемдегі жетекші 25 мемлекеттің қатарына кіретінін айтты. Ол келесі кезеңде осы негізді ішкі инновацияларға, технологиялық мүмкіндіктерге және өнімділіктің өсуіне айналдыру қажеттігін атап өтті.

Энергетика саласында БҰҰДБ өкілі Қазақстанда электр энергиясына жаппай қолжетімділік іс жүзінде қамтамасыз етілгенін, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі екі еседен астам өсіп, шамамен 7%-ға жеткенін айтты. Ол энергетиканы одан әрі дамыту технологиялық жаңғыруды, тұрақтылықты және энергетикалық қауіпсіздікті қатар қамтуы тиіс деп санайды.

Форум аясында Вавьерниа БҰҰДБ мен Денвер университетінің Парди орталығы бірлесіп жүргізген Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына арналған сценарийлік модельдеу нәтижелерін таныстырды. Сарапшылар бес бағытты қарастырған: экономикалық өсім, адами капитал, институционалдық реформалар, климаттық тұрақтылық және интеграцияланған сценарий. Модельдеу нәтижесі ең тұрақты көрсеткіштер экономикалық өсім адами капиталдың дамуымен және мықты институттармен қатар жүрген жағдайда қалыптасатынын көрсеткен.

Зерттеуде демографиялық өзгерістерге ерекше назар аударылған. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай егде жастағы адамдар саны 3 миллионнан асады. Бұл денсаулық сақтау, күтім, әлеуметтік қорғау, инфрақұрылым және жұмыспен қамту салаларына деген сұранысты өзгертеді. Вавьерниа білімге, денсаулық сақтауға және дағдыларды дамытуға салынған инвестиция тек әлеуметтік емес, экономикалық инвестиция ретінде де қарастырылуы керек екенін айтты.

Сөзінің соңында БҰҰДБ өкілі алдағы дамудың бірнеше маңызды бағытын атады: білім, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, адами капитал мен инновация арасындағы байланысты күшейту, табиғи ресурстарды кешенді басқару және озық мемлекеттік басқару жүйесін дамыту. Ол саясат өзгерістер болғаннан кейін ғана әрекет етпей, оларды алдын ала болжауы керек екенін атап өтті.

National Think Tank Forum «Болашақ проекциясы: нәтижелерді пайымдаудан жаңа күн тәртібіне» форумы 21 тамызда Астанада өтіп жатыр. Қатысушылар тұрақты даму, адами капитал, цифрлық трансформация, қоғамдық тұрақтылық және өзгеріп жатқан әлемдегі Қазақстанның орнын талқылап жатыр.