Бес жылда 1 120 мектеп салынды
Соңғы бес жылда елімізде 1 120 мектеп бой көтеріп, 1 млн-нан астам оқушы орны пайда болды. Бұл үш ауысымды мектептер саны мен оқушы орындары тапшылығын төрт есе, ал апатты мектептер санын екі есе қысқартуға мүмкіндік берді.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салынды, оның 84-і ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл мектептерде STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, коворкингтер, хореография және спортзалдар қарастырылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады, ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға кедергісіз орта жасалған.
Білім беру инфрақұрылымын дамытуға мемлекетке қайтарылған активтер де бағытталуда. 2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 100 мыңға жуық оқушы орнына арналған 90 нысанның құрылысы қаржыландырылды. Оның 83-і пайдалануға берілсе, тағы жетеуін жыл соңына дейін ашу жоспарланып отыр.
Жаңа мектептер салумен қатар қолданыстағы білім ошақтары да жаңартылуда. Соңғы бес жылда 5 026 мектеп жаңғыртылып, 4,5 мыңға жуық мектеп 7 009 заманауи пән кабинетімен жабдықталды.
Алдағы үш жылда тағы 1 300 мектепті реновациялау жоспарланған, оның 820-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Жоба ғимараттарды күрделі жөндеуді, пән кабинеттерін, кітапханалар мен асханаларды жабдықтауды, спортзалдарды жаңартуды, аумақты абаттандыруды және қауіпсіздік жүйелерін күшейтуді қамтиды.
2026 жылы 60 мыңға жуық оқушы орнына арналған тағы 101 мектеп салу жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – оқушы орындарының тапшылығын жүйелі шешіп, қала мен ауыл балаларына бірдей заманауи білім алу жағдайын жасау.




